Нұр-Сұлтанда қауіпсіздік қызметі күшейтілді

Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезін өткізу кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің сақталуын қамтамасыз етуге Ұлттық ұланнан 1800-ге жуық әскери қызметші жұмылдырылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Нұр-Сұлтан қаласында Рим Папасы Францисктің, сондай-ақ алыс және жақын шетел делегациясының қатысуымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің отырысы өтіп жатыр. Елорданың қоғамдық тәртібін тиісті деңгейде қамтамасыз ету, сондай-ақ маңызды іс-шарада құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында №5573 әскери бөлімінің жеке құрамы 13 қыркүйектен бастап күшейтілген қызмет режиміне ауыстырылды. Елордалық жедел құрамадан 1200-ге жуық әскери қызметші делегация мүшелерін қарсы алу, олардың қала ішінде қозғалуы кездіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметін атқарып жатыр. Сондай-ақ, жедел күштерді күшейту үшін Қарағанды және Көкшетау қалаларынан Ұлттық ұланның 600-ден астам әскери қызметшісі келді.

Сурет: polisia.kz

Елордаға әлемнің түкпір-түкпірінен қонақтардың келуіне байланысты қоғамдық орындарда, көшелерде, сондай-ақ мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін жерлердегі қауіпсіздік шаралары күшейтіліп отыр. Мәселен, Рим Папасы Францисктің қатысуымен өтетін шараға бұқаралық ақпарат құралдарынан 3 мыңнан астам адам қатысады деп жоспарлануда. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін Ұлттық ұланның 5510, 5451 әскери бөлімдерінің жеке құрамы келді. Олардың халықаралық көрмелерді, сондай–ақ басқа да ірі мәдени және спорттық іс–шараларды өткізу кезінде елордада құқықтық тәртіпті қадағалаудатәжірибелері бар. Себебі, бұған дейін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі және елорданың 20 жылдық мерейтойы кезінде де арнайы келген болатын. Орталық өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары Нұрбол Міртаев

Съезд кезінде құқықтық тәртіп әскеріне маңызды міндеттер жүктелді. Сондай-ақ, ұландықтарға Қазақстан Республикасындағы Ватикан қасиетті тағының елшілігін қорғауды жүзеге асыру тапсырылған.

Осындай тарихи оқиға кезінде елордада қызмет атқарып жатқаныма қуаныштымын. Ұлттық ұланға келгеніме 9 ай болды, осы уақыт ішінде Жезқазған қаласына, жаңадан құрылған Ұлытау облысына Ел Президенті барған кезде қауіпсіздікті күшейтуге жұмылдырылған бөлімше құрамында болдым. Ұлттық ұландағы қызмет өте қызықты, күнделікті қызметтен басқа, мемлекеттік және халықаралық іс-шаралар барысында қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосатынымды мақтан тұтамын, – дейді №5451 әскери бөлімінің сарбазы, қатардағы Диас Қайырбаев.
Нұр-Сұлтан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: