Азаматтық авиация комитеті Дубай-Алматы рейсінің кешігуіне қатысты түсінік берді

Азаматтық авиация комитеті бір тәулікке кешіккен Дубай – Алматы КС-898 әуе рейсіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Боинг-767" әуе ұшағы Дубайдан Алматыға 12 мамырда жергілікті уақыт бойынша сағат 13:55-те ұшуы керек болған.  ААК мәліметінше, жолаушылар саны - 220 адам. Рейс жолаушылары тамақпен және қонақүймен қамтамасыз етілді.

"2023 жылдың 13 мамырында жергілікті уақыт бойынша сағат 12:48-де әуе компаниясының инженерлері техникалық себептерді жою үшін Дубайға келді. Рейстің ұшуы жергілікті уақыт бойынша 21:45-ке жоспарланған. Жоспарланған уақытта ұшу мүмкін болмаған жағдайда, әуе компания басқа рейстермен жеткізу мүмкіндігін қарастыратын болады", делінген хабарламада.

Сонымен қатар, ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті мен әуе компаниялар жұмысындағы негізгі басымдық ұшу қауіпсіздігі болып табылатыны атап өтіледі.


"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әуе компания қауіпсіздікке қауіп төнген жағдайда оларды жою бойынша шаралар қабылдауы керек, бұл рейстердің кешігуіне немесе тоқтатылуына әкелуі мүмкін". Азаматтық авиация комитеті

Бұл ретте, заңнамада әуе компанияның кінәсінен рейс кешіктірілген кезде ұсынылуы тиіс қызметтер көзделеді. Сонымен, кешігу ұзақтығына байланысты алкогольсіз сусындар, ыстық тамақ, қонақ үйде тұру, сондай-ақ қонақ үйге дейін және кері көлік ұсынылады.

Жоғарыда көрсетілген қызметтер тиісінше көрсетілмеген жағдайда әуе компаниялар айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Алматы БАЭ
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: