Бастаңғылатқан жастардың кешіне Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов пен Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов арнайы келіп, сәні мен салтанаты келіскен мағыналы шараның куәсі болды.
Бұл шараның ерекшелігі – халқымыздың ұмыт қалған жөн-жоралғысын әдеттегідей қариялар емес, жастардың өзі көрсетті. Алаңның бұрыштарында тігілген киіз үй, буы бұрқырап, бұрқ-сарқ қайнаған самаурын, қос бұрымды, бүрмелі етекті бойжеткен, қиқулатып көкпар тартқан жігіттер – осының бәрі жайлауға қоныс тепкен қазақ ауылының мамыражай тірлігін көз алдыңа келтіргендей.
Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Меймандарды ән-күймен қарсылап алған жастар жаңғыртқан көне дәстүрлерімізге тоқтала кетейік. Осы күні күйеуінен рұқсат алып, өзара сауық құрған келіншектер "Абысын асынан" дәм татты. Үш-төрт жігіт бай ағаларынан "Деңгене" дәметіп барса, ауылдың қыз-келіншектері бірлесіп, киіз басып, "Қой басты" салтымен көмекке келгендерге тәтті тағам таратылды. Тағы бір дәстүр – қанжығасы майланған аңшының жолын тосқан қыз-жігіттер оны "Майлансын" деп қарсы алды. "Батырдан сауға, аңшыдан сыралғы" деген мәтел осы "Сыралғыдан" қалса керек.
Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
12 қанат ақшаңқан киіз үйдің жанында да ән айтып, тағам дайындаған жастардың да өз міндеті бар екен. Олар үлкен дастархан жайып, оны ұмытыла бастаған дәммен толтырды. Атап айтсақ, үйге келген қонақтар өрме тас, қарма, үлпершек, көмбе, сырбаз қуырдақтан ауыз тиді.
Ақжайықтық қыз-жігіттердің белсенділігіне, бастамашылдығына облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов ризашылығын білдірді.
"Алдымен идея туындайды, сосын ол елжанды, ұлтын сүйер жастардың арқасында жүзеге асып, керемет бастамаға айналады. Міне, мен де бүгін осындай жарқын істің куәсі болдым. Бүгін ұлықталған салт-дәстүрлердің бәрі әр жасқа насихатталуы керек. Ол үшін үлкен ұйымдастыру жұмысы басталады. Сіздердің бастамаларыңызды әрі қарай Youtube-те, телеарнада арнайы жоба етіп, іліп әкетсек, нұр үстіне нұр. Ақжайық ауданының қыз-жігіттерінің идеясынан осындай үлкен жұмыс бастау алды десек, өздеріңіздің мерейіңіз", – деп сөзін сабақтаған Бақытжан Хаберұлы әлеуметтік сала, жастар саясатындағы оң өзгерістерді тілге тиек етті.
Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
"Әдетте қазақы дәстүр, ұлттық құндылықтарымызды Ұлыстың ұлы күнінде ұлықтап, еске түсіріп жатамыз. Бүгін ауыл-елден жиналған жастар осы мерекені себеп етпей-ақ, әркез ата-бабаларымыздан мирас боп қалған салт-дәстүрімізді ұрпаққа сабақтастыру керек екенін көрсеттік. Бір-бірімізбен танысып, керемет жып-жылы көңіл-күй орнады. Біздің мақсатымыз – мән-мағынасы тереңнен тамыр тартатын дәстүрлерімізді жаңғырту, жаңаша тыныс беру", - дейді Базартөбеден "Бастаңғыға" келген Лаура Құбашева.
Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Ұлттық құндылықтар ұлықталған бастаңғыда жастар бір-бірімен бұқа тартысып, садақ атып, теңге іліп, аударыспақ, асық ойнап, ұршық иіріп жарысты.
Әсерлі шараны түйіндеген облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы аудандағы жастардың көшбасшыларына алғысхат табыстады.