Президент Жетісу облысының туристік әлеуетімен танысты

Мемлекет басшысы ҚасымөЖомарт Тоқаев Жетісу облысының туристік әлеуетімен танысты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли туризм саласының дамуына қатысты негізгі көрсеткіштерде өсім байқалатынын, соңғы үш жылда өңірге келген туристер саны екі есе артқанын, ал осы саладағы көрсетілетін қызметтер көлемі 16 миллиард теңгеге дейін өскенін атап өтті.

Аталған бағыттың дамуына тың серпін беру үшін бірқатар инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Қазір Алакөлге көліктің бірнеше түрімен жетуге болады. Былтыр Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағына реконструкция жасалып, тұрақты әуе қатынасы жолға қойылған. Биыл "Астана – Достық" бағыты бойынша "Тальго" пойызы іске қосылды және "Үшарал – Достық" автожолының реконструкциясы аяқталды.

"Қазіргі кезде "Талдықорған – Қалбатау – Өскемен" автожолын қайта жөндеу, Алакөл курорттық аймағында жоғары вольтты электр желілерін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. "Балқаш" туристік-рекреациялық аймағының бас жоспары" әзірленді;оның аясында ұзындығы 16 шақырым болатын жағалауға бюджет есебінен инженерлік-коммуникациялық желі тартылып, жалпы аумағы 860 гектар жерге 7 бағыттағы демалыс аймақтары орналастырылады;жоспар шеңберінде 30 миллиард теңгеге дейін жеке инвестиция тарту көзделген". Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли

Келесі жылы көлге апаратын "Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай" жолының реконструкциясын аяқтау жоспарланып отыр. "Алтын-Емел", "Жоңғар Алатауы" ұлттық табиғи парктерінде экологиялық туризмге басымдық беріледі.


"Биыл "Altynemel" визит-орталығы ашылды. Ал "Жоңғар Алатауы" ұлттық паркінің аумағында жалпы құны 1,7 миллиард теңге болатын 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Текелі маңайында шаңғы-биатлон кешенін салу және Бұрқанбұлақ сарқырамасына дейінгі жолды жөндеу жұмыстары жоспарланған", - дейді ол.

Мемлекет басшысы туристік-демалыс аймақтарына инженерлік-коммуникациялық желі жүргізумен және абаттандырумен белсенді түрде айналысып, облыстың туристік әлеуетін арттыру қажет екенін айтты.

"Жалпы, облыста туристік нысандар жеткілікті. Сондықтан оның бәріне тиісті деңгейде мән беріп, дамыту керек. Туризм Жетісу облысы экономикасының басым бағыты болуға тиіс. Туристер неғұрлым көбірек келсе, облысқа да оң септігін тигізеді. Облыстың туризм саласындағы әлеуеті өте зор", – деді Президент.
Талдықорған Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: