Ақтөбе өңірі Президенттің ТЖ-дан зардап шеккендерді баспанамен қамту туралы тапсырмасын орындауға кірісті

Ақтөбе облысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқынынан зардап шеккендерді қысқа мерзімде жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы тапсырмасын іске асыруға кірісті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Өңір әкімдігі 9 сәуірде су тасқынынан ең көп жапа шеккен Ойыл ауданының тұрғындарына арналған үйлер салынатын жер учаскелері анықталып қойғанын да нақтылай кетті.

"Мұнда барлығы 340 үйді су басты, қазіргі уақытта 49 үй әлі де су астында қалып отыр. Атап айтқанда, Ойыл ауылында инженерлік инфрақұрылымы бар, су және газбен қамтылған 200-ден астам учаске белгіленген. Жаңа құрылыс ауданында 1500 орындық мектеп пен балабақша салу жоспарланып отыр", делінген Ақтөбе облысы әкімдігінің хабарламасында.

Бүгінгі күні Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тұрғын үйлердің үлгілік жобасын бекітуде, соған сәйкес құрылыс жүргізіледі.

Ақтөбе облысының құрылыс басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, жалпы құны 22 млн. теңгені құрайтын 80 шаршы метрлік тұрғын үй және жалпы құны 44 млн теңге болатын 160 шаршы метрлік екі пәтерлі үй салу жоспарлануда.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, зардап шеккен ақтөбеліктердің ешбірі назардан тыс қалмайды, қаржылық және басқа да қажетті көмек көрсетіледі. Ал тапсырмалардың орындалу барысы облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өтетін жедел штаб отырысында күнделікті талқыланады.

Айта кетсек, алдында Олжас Бектенов ТЖ жағдайына тап болған өңірлер тұрғындарына қандай әлеуметтік көмек көрсетілетінін айтқан болатын.

Ақтөбе
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: