ГМО жайында ақпараттың жоқтығы - сарапшылар таңбаламаның маңыздылығы жайлы айтты

2024 жылдың шілдесінде "МОТҚҚҚ" ҚБ өкілдері Шымкент қаласындағы дүкеннен құпия сатып алушы әдісімен сатып алынған "МПК Атяшевский" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (Мордовия Республикасы, Ресей) шығарған "Аппетитная" деп аталатын В санатындағы бауыр шұжығына тексеру жүргізді.

Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы маңызды мәселелердің бірі болып қала береді. Қаптамадағы ақпараттың болмауы немесе жеткіліксіздігі, әсіресе, диетаны сақтайтын адамдардың денсаулығына кері зардабын тигізуі мүмкін. Әрбір тұтынушының өнімнің құрамы мен сақтау шарттарына қатысты толық және сенімді ақпарат алуға құқығы бар екенін есте ұстаған жөн. Жақында Шымкенттегі "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігінің ("МОТҚҚҚ" ҚБ) өкілдері жүргізген зерттеу барысында осындай сұрақтар көтерілді.

Бауыр шұжығы – жануарлардың бауыры, өкпесі, жүрегі және басқа да ішкі мүшелерінен жасалған өнім. Құрамына қарай оның бірқатар пайдалы қасиеттері бар, бірақ өнімнің пайдасы шикізаттың сапасына, дайындау әдісі мен қоспалардың болуына байланысты. Ет өнімдерімен салыстырғанда бауыр шұжығы бағасының арзандығымен халықтың көпшілігіне анағұрлым қолжетімді, жоғары энергетикалық құндылығы, ақуыз бен дәрумендерге бай болуы оған деген сұранысты арттыра түседі.

Ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес, өнімдер Түркістан облысы бойынша Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК Шымкент қалалық филиалының аккредиттелген зертханасына сараптамаға жіберілді. Сараптама Кеден одағының техникалық регламенттерінің және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігін тексеру мақсатында жүргізілді (2024 жылдың 16 шілдесіндегі № РО-24-02597/2024-2326/182, РО-24-02597№630 және РO-24-02597/2024-2326/183, РO-24-02597№631 зерттеу хаттамалары).

Сурет: Жанна Биятан

Сараптама нәтижелері: неге назар аудару керек?

Тексеру нәтижесінде тұтынушылар арасында сұрақтар тудыруы мүмкін аспектілер анықталды:

  1. Өнімді пайдалануға қатысты ұсыныстар мен шектеулердің болмауы. Өнімнің қаптамасында ықтимал шектеулер туралы ақпарат көрсетілмеген, бұл, әсіресе, аллергия немесе кейбір ингредиенттерді тұтынуды шектеуге қатысты медициналық-ерекше диеталық қажеттіліктері бар адамдар үшін маңызды.
  2. ГМО жайында ақпараттың жоқтығы. Шұжық қаптамасында генетикалық түрлендірілген ағзалардың (ГМО) бар-жоғы туралы ақпарат жазылмаған, бұл өнімнің құрамына қатысты айқындықты төмендетіп, тұтынатын тағамында ГМО-ның жоқтығына ерекше мән беретін тұтынушылардың көңілін алаңдатуы мүмкін.

Бұл тұтынушылар үшін неліктен маңызды?

Өнімдерді толық және дұрыс таңбалама жасау тек ресми талап емес, бұл тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды құрал. Қазақстан Республикасы "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" және "Қазақстан Республикасының Тілдер туралы" заңдарына сәйкес, өнім туралы ақпарат мемлекеттік және орыс тілдерінде, ал Кеден одағының "Тағамдық өнімдерді таңбалауға қатысты" техникалық регламентіне сәйкес, өнімнің құрамы, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары мен пайдаланудағы мүмкін шектеулер туралы ақпараттар қамтылып, мәліметтер қолжетімді болуы керек. Мұндай мәліметтердің болмауы сатып алуға қатысты шешім қабылдауды қиындатып, тіпті, денсаулыққа қауіп төндіруі де мүмкін.

"Тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қаптамадағы дұрыс ақпарат маңызды рөл атқарады. Ықтимал аллергендер жайында ақпараттың болмауы созылмалы аурулардан немесе аллергиядан зардап шегетін адамдар үшін қауіп факторы болып табылады. Толық және дәл таңбалама – тек ұсыныс емес, бұл тұтынушылар алдындағы маңызды міндеттеме!".Алия Алибекова, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі сарапшы
"Өнім таңбаламасы түсінікті және әрбір тұтынушыға қолжетімді болуы керек. Бұл ықтимал қауіптерді болдырмайтын және өзіміз бен жақындарымызға сатып алатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі аспектілердің бірі". Жанна Биятан, "МОТҚҚҚ" ҚБ құқық қорғаушысы

Қауіптердің қалай алдын алуға болады?

Тұтынушылар сатып алмас бұрын әрқашан өнімнің таңбаламасын тексеруі маңызды. Бұл, әсіресе, аллергиясы бар немесе арнайы диетаны ұстанатындарға қатысты. Егер қаптамада құрамы, сақтау шарттары немесе басқа да маңызды өлшемдерге қатысты ақпараттар, соның ішінде өнімді пайдалануды шектеу бойынша ұсыныстар болмаса, бұл өнімді сатып алудан бас тартқан дұрыс.

"МОТҚҚҚ" ҚБ өнімнің таңбаламасына мұқият назар аударудың қажеттілігіне қатысты халық арасында ақпараттандыру жұмыстарын жалғастыруда және әрбір сатып алушының сатушылардан өнім туралы толық және нақты ақпаратты талап етуге құқығы бар екеніне назар аудартады.

Бұл материалды әлеуметтік жобаны орындаушы – "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындады.

Осыған ұқсас сұрақтар бойынша байланыс нөмірі 87054222739 немесе Instagram-дағы OZPP.KZ парақшасына хабарласуға болады.

Қазақстан Тұтынушылық бақылау
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: