Сүтті өнімнің сүттен айырмашылығы неде және қаптамадағы ақпараттың маңызы қандай

2024 жылғы маусымда "MOТҚҚҚ" ҚБ өкілі Шымкент қаласындағы дүкендердің бірінен Ресейде өндірілген, қаптамасында өнімнің Еуразиялық экономикалық одақ аумағындағы қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігін растайтын EAC белгісі көрсетілген өнімді сатып алды.

Салмағы 2,710 кг, "Топленое молоко Zlatka" жартылай қатты ірімшік технологиясымен өндірілген, "құрамында сүт майын алмастыратын сүт бар" деген өнім ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында сатып алынды.

Сурет: Жанна Биятан

Ынтымақтастық келісіміне орай, "Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы" АҚ Оңтүстік Қазақстан филиалының аккредиттелген зертханасының қызметкерлері аталған өнімнің қауіпсіздік және Кеден одағының техникалық регламенттері талаптарына сәйкестігіне баға берді. Сараптама қорытындысы біз күтпеген нәтижені көрсетті. 2024 жылдың 2 шілдесіндегі № 1/724 зерттеу хаттамасына сәйкес, қаптамада қазақ тілінде ақпарат жазылмаған.

Сурет: Жанна Биятан

Бұл неліктен маңызды? Қазақстан заңнамасы, атап айтқанда, Қазақстан Республикасы "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңының 25-бабы ақпараттың міндетті түрде екі тілде: қазақ және орыс тілдерінде берілуін талап етеді. Бұл ережені сақтау тек формальдылық емес. Аударманың жоқтығы өнімнің қауіпсіздігіне қатысты маңызды ақпаратпен таныса алмайтын азаматтардың құқығын шектейді.

"Құрамында сүт бар өнім". Бұл қандай өнім?

Пісірілген сүт, біз білетіндей, пайдалы және нәрлі болуы мүмкін, бірақ, сүт майын алмастыратын құрамында сүт бар өнімдерге қатысты айтқанда, бұл оңайға соқпайды. Алмастыратын заттар дәмі мен құрылымын өзгертіп қана қоймай, тұтынушылардың денсаулығына да әсер етуі мүмкін. Табиғи сүт пайдалы майлардан, ақуыздар мен ағзаға қажетті басқа да маңызды компоненттерден тұрады. Дегенмен, сүт майларын өсімдік немесе басқа да компоненттермен алмастырғанда, бұл өнімнің тағамдық құндылығы төмендейтіні хақ.

Айта кету керек, біз мұндай алмастырғыштардың бар екендігі туралы емес, ақпараттың ашықтығы мен шынайылығы жайын сөз етпекпіз. Тұтынушы өнімде қандай ингредиенттердің бар екенін білуге ​​және саналы таңдау жасауға құқылы.

Мәселе – қаптамадағы ақпараттың екі тілде жазылмағанында ғана емес. Толық таңбалама жасамау – сақтау шартын немесе өнім құрамын дұрыс түсінбеуге әкелуі мүмкін. Мысалы, өнімде бұл заттардың бар екенін білмей, ГМО компоненттеріне аллергиясы бар адам денсаулығына кері әсерін тигізетін ауыр зардаптарға тап болуы ғажап емес. Мұндай жағдайлар, әсіресе, компоненттерді алмастыруда ықтимал қауіптер жасырылуы мүмкін құрамында сүт бар өнімдерге қатысты.

ГМО баяғыдан денсаулыққа тікелей қауіп төндірмесе де, оларды пайдалану тұтынушылар арасында көптеген сұрақтар мен күмән тудырады. Тұтынушылардың бәрі бірдей өз рациондарына генетикалық түрлендірілген компоненттері бар өнімдерді қосуға дайын емес, сондықтан олар туралы ақпарат таңбаламада міндетті түрде болғаны дұрыс.

"Біз әрқашан тұтынушылар үшін ашықтықтың маңызды екенін атап өтеміз. Таңбалама қаптамадағы тек жазу ғана емес, адамдардың құқығын қорғау құралы. Әрбір сатып алушы жоғары сапалы және қауіпсіз өнімді сатып алатынына сенімді болуы керек. Біздің зерттеулеріміз қазақ тіліндегі ақпараттың жоқтығы мен құрамының толық сипатталмауы тұтынушылар үшін нақты қауіп төндіретінін көрсетеді",- деді "MOТҚҚҚ" ҚБ маманы Алия Алибекова

Ең алдымен, тұтынушылар өнімді сатып алмас бұрын қаптаманы мұқият қарап шығу ұсынылады. Егер қаптамада сіз түсінетін тілде ақпарат болмаса немесе ГМО-ның бар-жоғына қатысты негізгі ақпарат көрсетілмесе, онда бұл алаңдаушылық туғызуы керек. Мұндай өнімнен бас тартқан дұрыс немесе сатушыдан толық ақпарат беруін талап еткен жөн.

Кәсіпкерлер мен өндірушілер тұтынушылар алдындағы жауапкершілігін ұмытпауы тиіс. Таңбалама туралы заңнаманы сақтау – бұл жай ғана міндет емес, сонымен қатар тұтынушылармен сенім орнату тәсілі. Қаптаманы уақтылы тексеру және толық ақпарат беру шағымдарды болдырмауға және бренд беделін жақсартуға көмектеседі.

Таңбалама тұтынушыларды қорғаудың маңызды элементі болып табылады. Қазақ тілінде ақпараттың жоқтығы және ГМО сияқты ингредиенттердің бар-жоғына қатысты ақпарат айтпау – заңды бұзып қана қоймай, адамдардың денсаулығына да қауіп төндіреді. Өнімдерді сатып алу кезінде әрқайсыңыз шынайы әрі толық ақпарат алуға лайықты құқығыңыздың бар екенін есте сақтаған маңызды.

Материалды "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындаған.

Осыған ұқсас сұрақтар бойынша байланыс нөмірі 87054222739 немесе Instagram парақшасы: OZPP.KZ

Қазақстан Тұтынушылық бақылау
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: