Назар аударыңыз: Түркістандағы дүкен сөрелерінен тағы да мерзімі өткен өнімдер табылды

2024 жылдың шілдеcінде "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігінің ("MOТҚҚҚ" ҚБ) өкілі Түркістандағы дүкендердің бірінен Қазақстанда жасалған (көлемі 1 л), майдың массалық үлесі 3,2%, зарарсыздандырылған Айс СҮТІН сатып алды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Өнім қазақстандық нарықтағы өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасына қатысты тұтынушыларды хабардар ету мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында "құпия сатып алу" әдісімен сатылып алынды.

Сүт Түркістан облысы бойынша Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің "Ұлттық сараптама орталығы" Түркістан қалалық бөлімінің аккредиттелген зертханасына кешенді зерттеуге жіберілді. Зерттеу хаттамасында өнімнің жарамдылық мерзімі 2024 жылдың 3 маусымында аяқталғаны белгілі болды, яғни сатып алу кезінде өнім бір айдан астам мерзімге уақыты өткен! Сонымен қатар, өнімнің қаптамасында тамақ өнімдерімен жанасу кезіндегі қаптаманың мақсатын көрсететін пиктограмма болмаған.

Сүт өнімдері жарамдылық мерзімінің өтіп кеткеніне ерекше сезімтал болып келеді. Уақыт өте келе олар дәмін ғана емес, қауіпсіздігін де жоғалтады. Патогендік микроорганизмдердің сүтте белсенді түрде көбейе бастауы – денсаулыққа, әсіресе, балалар, қарт және иммунитеті төмен адамдар үшін ерекше қауіпті саналады.

"Сүт өнімдерін сатып алғанда әрқашан жарамдылық мерзімін тексеріңіз. Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен сүт тағамнан улануға немесе ағза үшін одан да ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін", – дейді тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі сарапшы Жанна Биятан.

Сурет: Жанна Биятан

"Сөрелерден мерзімі өтіп кеткен өнімдерді кездестірген сайын бұл жай ғана стандарттарға сәйкес келмейтін өнім деп қабылдамауымыз керек. Бұл тұтынушылардың қауіпсіз және сапалы өнімге деген құқықтарын тікелей бұзу болып табылады. Бұл әсіресе, сүт сияқты тез бұзылатын өнімдерге қатысты ерекше қауіпті. Біз тұтынушыларды мұқиятты болуға шақырып, мұндай оқиғалар орын алған жағдайда хабарлау қажеттігін ескертеміз", – дейді Жанна Үрметханқызы.

Сарапшы мерзімі өтіп кеткен тауарды сататын сатушыларға бизнес ауқымына қарай 30-дан 1600 АЕК-ке дейін (2024 жылы 110 760 теңгеден 5 907 200 теңгеге дейін) айыппұл  салынуы мүмкін екенін еске салады.

Қаптама нені хабарлауы керек?

Тамақ өнімдерімен жанасу үшін қаптаманың мақсатын көрсететін пиктограмманың болмауы Кеден одағының "Қаптаманың қауіпсіздігі туралы" 005/2011 техникалық регламентіне елеулі сәйкессіздік болып табылады. Бұл ақпарат сатып алушы қаптама материалдың сүт өнімдерін сақтауға және тасымалдауға қауіпсіз екеніне және улы заттар шығармайтынына сенімді болуы үшін қажет.

Сонымен қатар, өндіруші өндірілген күні мен жарамдылық мерзімін, тағамдық қоспалардың құрамы туралы мәліметтер, аллергендер мен сақтау әдісі туралы деректерді көрсетуге міндетті. Осы элементтердің бәрінің болуы – жай ғана формальдылық емес, тұтынушының сенімді ақпарат алуының және ықтимал қауіптерден қорғалуының кепілі.

Мерзімі өтіп кеткен өнім сатылса не істеу керек және олармен қалай күресуге болады?

Тұтынушы жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тауарды айырбастауға немесе қайтаруға құқылы. Қазақстан Республикасының "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы"  заңына сәйкес, сатушы заң талаптарына сәйкес келмесе, тауарды айырбастауды қамтамасыз етуге немесе тауарды қайтарып беруге міндетті. Өтініш беру үшін растайтын құжаттарды – кассалық немесе сату түбіртегін ұсыну қажет.

Бұзушылықты анықтасаңыз, оны назардан тыс қалдырмаңыз: тиісті органдарға хабарласу – тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және қауіпті өнімдерді сатуға жол бермейді. Бұл өз құқықтарыңызды қорғап қана қоймай, басқаларды да мерзімі өткен өнімдерден қорғауға мүмкіндік береді.

Жоспардан тыс тексеру фискалдық немесе сату түбіртегі сияқты растайтын құжаттары бар өтініш бойынша жүргізіледі. Шағымда бұзушылық фактілері, объектінің мекенжайы, кәсіпкерлікті жүргізуші субъектінің атауы көрсетілуі, сондай-ақ фото немесе бейне материалдар қоса тіркелуі тиіс. Сатушының бұзушылықтарды дәлелдеу үшін тұтынушылардың өнімді және дүкенді суретке түсіру құқығын шектеуге құқығы жоқ.

Сурет: Жанна Биятан

Сондай-ақ белсенділер тұздықтағы кеспені (92 г) сатып алды, біз оны "Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы" ОҚФ зертханасына сынауға жібердік, бұл өнімнің азық-түлік қауіпсіздігін ғана емес, сонымен қатар таңбалама талаптарына сәйкес еместігін де растады: тауардың атауы, оның құрамы, шығарылған күні мен жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары мен оның тағамдық құндылығы, өндіруші елдің атауы, ГМО құрамдас бөліктері туралы, өнім қандай құжатқа сәйкес шығарылғаны туралы құжат, сонымен қатар EAC белгісі болмаған.

"МОТҚҚҚ" ҚБ азық-түлік өнімдері мен күнделікті сұраныстағы тауарларға ерекше назар аудара отырып, тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды жалғастыруда.

Материалды "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындаған.

Осыған ұқсас сұрақтар бойынша 87054222739  байланыс нөмірі немесе Instagram-дағы OZPP.KZ парақшасы арқылы хабарласуға болады.

 

Түркістан Тұтынушылық бақылау
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: