Ұлттық банк елімізде іскерлік белсенділік жақсарғанын мәлімдеді

Сегіз ай бойы теріс аймақта болған іскерлік белсенділік көрсеткіші жақсарып келеді. Бұл жөнінде ҚР ҰБ ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалин мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

2023 жылғы қаңтарда өсу аймағына өту арқылы іскерлік белсенділік жақсарып, 50,7 болды, 2022 жылғы желтоқсанда 49,4 болған еді.

"Өндіріс пен қызмет көрсету секторында іскерлік белсенділік арта түсті. Мұнда индекстер тиісінше 52,1-ге және 51,3-ке дейін көтерілді (2022 жылғы желтоқсанда – 49,7 және 50,7). Құрылыс пен кен өндіру өнеркәсібінде индекс 50 белгісінен төмен қалыптасты, дегенмен, құрылыста көрсеткіш 48,6-ға дейін көтерілді (желтоқсанда – 47,3). Кен өндіру өнеркәсібінде жаңа өнім, жаңа тапсырыстар көлемі, жұмыспен қамту деңгейі төмендеп, жеткізу мерзімі ұзарып кеткендіктен іскерлік белсенділік 45,9-ға дейін (желтоқсанда – 47,2) түсті".  ҚР ҰБ ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалин

Оның сөзінше, бизнес-ахуал индексі де жақсарды. Көрсеткіш барлық секторда ұлғайды. Кәсіпорындардың бағалауы бойынша, бизнес жүргізудің қазіргі жай-күйі мейілінше қолайлы бола бастады және болашақ жағдайларға қатысты күтулер де айтарлықтай жақсара түсті.

"Сөйтіп, бүгінгі және болашақ бизнес-жағдайлардың орташа бағасын көрсететін бизнес-ахуал индексі (2022 жылғы желтоқсандағы 2,7-ден) 11,9-ға дейін едәуір көтерілді".  Рүстем Оразалин

Бизнес жүргізудің қазіргі жағдайлары оң бағаланғандықтан, бизнес-цикл "сағатының" индикаторы көтерілу аймағынан өсу аймағына өтті.

Қазақстан ҚР Ұлттық Банкі
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: