Әуежайдың баспасөз қызметі Бәсекелестігін қорғау және дамыту агенттігінің Астана қалалық департаменті басшысы Тимур Каленовтың Астана әуежайына қатысты бәсекелестікті шектеу бойынша тергеу жүргізіліп жатқаны туралы ақпараты шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі елорда әуежайына алда тексеру жүргізілетіні туралы тек ескерту хат жолдаған.
"Хатты алған күннен бастап, атап айтқанда 2023 жылдың 18 сәуірінен бүгінгі күнге дейін әуежайда БҚДА өкілдері болған емес. Яғни, әуежайға қатысты тексеру әлі басталған жоқ. Тексеру фактісінің өзі біздің тарапымыздан қандай да бір бұзушылықтар бар дегенді білдірмейді. Естеріңізге сала кетейік, бұзушылықтар тексеруші орган қорытынды шығарып, ол қорытындымен "ННХӘ" АҚ келіскен жағдайда ғана дәлелденеді", делінген әуежайдың баспасөз қызметінің хабарламасында.
Айта кетсек, 11 мамырда ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Тимур Каленов арнайы баспасөз мәслихатында монополияға қарсы әрекет ету шаралары туралы айтты. Соның барысында Нұр-Сұлтан халықаралық әуежайын да атап өтті. Ұйымға ҚР ӨК 169-бабының 3-тармағы бойынша тауар нарығына қолжетімділікті шектеу және одан белгілі бір тауарларды сатушылар (жеткізушілер) немесе оларды сатып алушылар ретінде нарықтың басқа субъектілерін жою белгілері бойынша – бажсыз сауда үшін әуежайдың стерильді аймағындағы алаңдарды пайдалануға беру деген айып тағылды.