Биыл Қазақстанда электромобильдер саны 65 процентке артты

Биыл Қазақстанда электромобильдер саны 65 процентке артты. Десе де, олардың үлесі республикадағы автопарктің тек 0,02% пайызын ғана құрайды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қазақстанда "Зикер" маркалі электрокарлар бүгінде ерекше сұранысқа ие",- дейді сарапшылар. Алматы қаласының тұрғыны Нұржан Оразбеков көптен күткен көлігін өткен жылдың тамыз айында сатып алған. Ел аузында жүрген әйгілі Тесла 5 айда мұхиттың арғы жағынан жеткен. Бағасы арзан емес. Шамамен 30 млн теңге, деп хабарлайды Astana.tv.

"Көлігімді сатып алмас бұрын көп зерттедім. Қазір өкінбеймін. Барлық жағынан өзіме ұнайды. 3 күнде бір қуаттаймын. 400 шақырымға жетеді қуаты. Бұл орташа есеппен бір апта. Динамикасы бойынша кәдімгі автокөлікке қарағанда жылдамырақ. Бұрын жанар-жағармайға айына 40 000 теңге қаражат жұмсайтынмын. Ал қазір қуаттауға 10 000 теңге кетеді. Тіпті кей жерлерде тегін де қуаттауға болады". Қала тұрғыны Нұржан Оразбеков

Алайда, кедергілер де жоқ емес. Елімізде әзірше электромобильге мініп, шалғай жерлерге бара алмайсыз. Себебі, қалааралық инфрақұрылым жақсы дамымаған. Қуаттаушы станциялар, көбіне қала ішінде орналасқан. Олардың өзі жиі істен шығады. 4 жылдан бері электромобильдердің сервисімен айналысатын компания жақында Қонаев қаласында электромобильді қуаттайтын станция орналастырған. Енді оны Тараз бағытына қою жоспарда бар. Одан кейін - Шымкент. Дәл қазір электромобильмен Алматыдан Астанаға жету де мүмкін емес. Ол үшін жолай 3 қуаттайтын станция қажет.

Экологтар электромобильдердің көбеюі қоршаған ортаға оң әсер етеді, - дейді. Мәселен, былтыр Алматы қаласы бойынша ауаға таралған шығарындылардың есептік көрсеткіші -127 000 тонна. Оның 55 проценті автокөліктердің үлесіне тиесілі. 

"Алматы қаласының ауасының ластануына, ең алдымен, көліктер әсер етеді. Электромобиль - ол шығарындысыз көлік түріне жатады. Яғни, ауаға ешқандай да ластаушы зат бөлініп шықпайды. Сол себептен ол бізде экологиялық таза көлік болып саналады. Ал басқа көліктер, бензин, жанармайдағы көліктер, олардан ауаға көптеген ластаушы заттар бөлініп шығады. Соның ішінде азот диоксиді, азот оксиді, дизельден сажа бөлініп шығады". Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасының бөлім басшысы Ләйлә Мұхаметрахимова

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен "2029 жылға қарай барлық ірі қалаларда электромобильдер үшін қажетті инфрақұрылым құру" жол картасының жобасы әзірленді.


"Жол картасында нормативтік-техникалық талаптарды белгілеу, электромобильдерді қуаттауға арналған отандық жабдықтарды өндіру, электромобильдер үшін қуаттау станцияларына және оларды орнату орындарына қажеттілікті анықтау, сондай-ақ электромобильдер үшін инфрақұрылымды дамыту жөніндегі әртүрлі ынталандыру шаралары мен тетіктерін енгізу сияқты іс-шараларды көздеу жоспарлануда". ҚР ИИДМ

Қазір елімізде 900-ге жуық электромобиль бар. Оның басым бөлігі Алматыда. Екінші орында Солтүстік Қазақстан облысы, ал үшінші орында Астана қаласы тұр.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: