Президент "Бәйтерек" холдингінің құрылымын, "Отбасы банктің" қызметін қайта қарау жөнінде мәселе көтерді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйек күнгі Қазақстан халқына жолдауында мемлекеттік қолдау шараларын өндірістің технологиялық күрделілігіне және бизнестің нақты түріне қарай жіктеу керек екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Президент оның операциялық тиімділігі жоғары болуы да өте маңызды екенін баса айтты.

"Сондықтан "Бәйтерек" холдингінің құрылымын өзгертіп, оны кең ауқымда цифрландырған жөн".Қасым-Жомарт Тоқаев

Ол "экспортты ұлғайтуға" айрықша мән беру керек екенін атап өтті.

"Оның әдіс-тәсілдері болғанымен, жүйелі ұстаным жоқ. Осы орайда KazakhExport компаниясы экспортты дамытатын толыққанды институтқа айналады. Компанияға осы міндетті атқаруға қажетті құзырет берілуге тиіс. Бұдан бөлек, "Отбасы банктің" қызметін қайта қарау керек. Басты назарды облыс орталықтарына емес, аудандарға, моно-қалаларға және ауылдарға аударған жөн", – деді президент.

"Бәсекелестік дамымаса, бизнес те өркендемейді" деген мемлекет басшысы қазір негізгі салалардың көбінде бірнеше ірі кәсіпорын басымдыққа ие болып отырғанын, бұл жағдай нарықтағы шынайы ахуалды көрсете алмайтынын атап өтті.

"Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Үкіметпен бірлесіп, негізгі нарықтарды демонополизациялау үшін шаралар қабылдауға тиіс. Біз сауда-саттықты өркениетті жолмен жүргізу үшін тауар биржаларының жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасадық", – деді ол.

Президенттің пікірінше, реттеу жұмысының тиімділігі төмен болғандықтан, біреулердің ырқынан шықпайтын тауар биржалары пайда болды.

"Олар бәсекелестікті жоятын, импорттың және өнімсіз делдалдықтың пайдасы үшін сатып алу рәсімдерін айналып өтетін орындарға айналды. Реттеу талаптарын күшейтіп, айтылған кемшіліктерден түгел арылу қажет. Сонымен бірге сауда-саттыққа қатысты озық тәсілдердің еліміздің өнім өндірушілеріне толық қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Ұлттық сауда жүйесімен ғана тұйықталып қалуға болмайды. Бизнеспен бірлесіп, мықты аймақтық тауар-шикізат биржасын құру мәселесін пысықтау қажет"Қасым-Жомарт Тоқаев

Бұған қоса Қасым-Жомарт Тоқаев орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне тоқталды.

Қазақстан Президент Жолдауы - 2023 Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: