Ақорданың хабарлауынша, бірінші міндет - заң үстемдігін және жеке меншіктің қорғалуын қамтамасыз ету.
"Бұл – кәсіпкерлікті дамытудың және инвестиция тартудың негізгі шарты. Алайда оны мүлтіксіз сақтау үшін жүйедегі бірқатар түйткілді шешу қажет. Мәселен, бақылаушы органдар мен соттар заң бұзушылықтың формальды белгілерін анықтаған кезде, оның мән-жайын тексеру қағидатын басшылыққа алмайды. Кәсіпорын қызметіндегі кез келген, тіпті болмашы қателіктің өзі көбіне қылмыс сияқты қаралады. Нәтижесінде еліміздің экономикасы ұдайы қылмыстық-құқықтық қысымға ұшырайды". Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент осы жиынға қатысып отырған құқық қорғау органдарының басшыларына бұл мәселеге айрықша назар аударуды сұрады. Мемлекет басшысы жиналғандарды бизнестен күштік құрылымдардың әрекеттеріне қатысты арыз-шағымдар толассыз түсіп жатқанына назар аудартты.
"Бүгінде қылмыстық және азаматтық істердің небәрі 5 пайызы ғана кассацияға жолданады. Бұл өте аз және азаматтардың сұранысына сәйкес келмейді. Сондықтан заңгерлер және кәсіпкерлер қоғамдастығымен өз алдына бөлек кассациялық инстанция құру мәселесі жөнінде кеңес өткізу қажеттігі пісіп жетілді деп ойлаймын. Судьялар корпусы бұл қадам азаматтардың құқықтарын сапалы қорғауға мүмкіндік береді деп санайды. Президент Әкімшілігі бұл мәселені қолға алады. Кассациялық сотты құру жөнінде ортақ пікірге келсек, сот жүйесінің бюджетін ұлғайтуға жол бермейміз. Бизнестің заңды мүддесін сақтау және қорғау – бұл біздің басты міндетіміз". Қасым-Жомарт Тоқаев
Сондықтан Мемлекет басшысының айтуынша, әкімшілік әділетті айтарлықтай күшейтіп, оның қолданыс аясын кеңейту қажет. Бұл іс жүзінде өзінің қажеттілігін және тиімділігін көрсетті.
"Бүгінде сот шешімдерінің 60 пайыздан астамы азаматтар мен бизнестің пайдасына шешіледі (бұрын 15% пайыздан кем болған). Бұл оң үрдіс, әйтсе де асырасілтеушілікке және құбылушылыққа жол беруге болмайды. Сонымен қатар мемлекеттік аппараттың бизнесті сотқа жүгінуге мәжбүр ететін кемшіліктерді түзету жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейді". Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент Үкіметке Жоғарғы Сотпен және Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мемлекеттік органдар қызметіндегі теріс әрекеттерге мұқият талдау жасауға және оларды жою үшін пәрменді шаралар қабылдауы тиіс екенін айтты.
"Қайталап айтамын. Мемлекеттік аппараттың міндеті – еліміздегі заңды кәсіпкерлік қызметке жан-жақты көмек көрсету. Заңды бұзып, бизнеске қандай да бір кедергі жасау – мемлекеттік сипаттағы қылмыс. Мен, Президент ретінде, Қазақстанды бизнеске, соның ішінде ірі, орта және шағын кәсіпкерлікке өте қолайлы жағдай жасалған елге айналдыруды өз міндетім деп санаймын". Қасым-Жомарт Тоқаев
Айта кетсек, Президент аталған жиында кәсіпкерлер "шағымданушы" немесе "қолдауға мұқтаж" рөлінде көрінбеуі тиіс екенін айтқан болатын.