Ақорданың баспасөз қызметі Мемлекет басшысы бұл бағытта шұғыл шешуді қажет ететін проблемалар қордаланып қалғанын жеткізгенін хабарлайды.
"Жалпы алғанда, Қазақстанда шағын және ірі бизнес үшін өте жақсы жағдай жасалған. Ірі бизнес орнықты дамып келеді және табысы мол. Ол үшін мемлекеттік саясат қолданыстағы ережелердің тұрақтылығын қамтамасыз етуі, фаворитизм мен бәсекеге қабілетсіз тәжірибелердің болуына жол бермеуі маңызды. Бұл бағытта белсенді жұмысты жалғастырамыз". Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент шағын кәсіпкерлік, өз кезегінде, жұмыспен қамту ісінде және халықтың табысын арттыруда аса маңызды рөл атқаратынын айтады. Бұл ретте олар үшін салық барынша төмендетілді, тексеру іс жүзінде жоқ, қолдау құралдары бар, озық әрі жайлы цифрлық орта құрылды, әкімшілік кедергілер ұдайы азайып келеді.
"Алайда бізде оны бизнестің ең маңызды орта сегментіне көшіру үшін ынталандыру жолдары қарастырылмаған. Осы ретте орта бизнестің сыртқы нарықта дамуы, бәсекеге қабілетті жаңа өнімдерді өндіруі және оны экспортқа шығаруы үшін мүмкіндіктері мен айтарлықтай ынталандыру құралдары бар. Орта кәсіпкер әлдеқайда ширақ, мобильді және құбылмалы нарықтық жағдайларға тез бейімделеді. Иә, соңғы 7 жылда ЖІӨ-дегі шағын және орта кәсіпкерлік үлесінің өскені байқалады. Бірақ бұл динамиканың негізгі қозғаушы күші – шағын кәсіпкерлік субъектілері. Олардың саны 46 пайызға көбейді". Мемлекет басшысы
Осы орайда орта кәсіпкерлік тек 0,5 пайызға өсіп, экономикадағы үлесін 5 пайыздан 6,2 пайызға дейін арттырды. Бұл ретте ЭЫДҰ елдерінде оның үлесі орта есеппен 18 пайызға тең, ал жекелеген мемлекеттерде одан да жоғары, яғни 26 пайызға дейін. Дәл осы орта бизнесті, әсіресе өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлікті қолдау үшін елімізде ешқандай ерекше жағдай жасалмаған. Керісінше, қазіргі нормативті ортада, оларға, тіпті кеңейген кезде де, формальді түрде шағын бизнес болып қалу тиімдірек.
"Үкіметке және "Атамекен" палатасына осы мәселе бойынша ұсыныс енгізіп, нақты іске көшуді тапсырамын. Жолдауда заңнамаға шағын кәсіпкерлік субъектілерін ірілендіруге ынталандыратын өзгерістер енгізуді тапсырдым. Салық шаралары, тексеруші органдардың тарапынан жүргізілетін тексерулерге белгілі бір иммунитет қалыптастыру, сондай-ақ мамандандырылған қолдау құралдары мен мемлекеттік тапсырыстарға қол жеткізу осы ынталандыру шараларының қатарына кіруге тиіс". Қасым-Жомарт Тоқаев
Мысалы, мемлекеттік қаржылық қолдаудың ерекше шараларын ұсыну, сондай-ақ стандартты салық режимінде жұмыс істейтін бизнес үшін мемлекеттік тендерлерге жеңілдікпен қол жеткізу мәселелерін пысықтау керек.
"Елімізде қандай да бір қиындықтарға қарамастан, мемлекеттің қолдауынсыз табысты дамып, экспорттық нарықтарды игеріп жатқан бірнеше жүз ғана орта кәсіпорын бар. Бұл ретте, менің білуімше, олардың көбі тексеруші органдардың қудалауынан қорқып, осы уақытқа дейін мемлекеттік көмектен бас тартты. Бұл жерде арнайы тәсіл керек. Егер бизнес өз міндеттемелерін орындап жатса және көздеген мақсаттарына қол жеткізсе, онда бірде-бір тексеруші жобаны іске асыру кезеңінде де, одан кейін де оған кедергі келтірмеуге тиіс", - дейді Президент.