2023 жылдың қорытындысы: Пайдаланылмай жатқан 4,6 миллион гектар жер қайтарылды

Үкімет ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы 2023 жылғы нәтижелерге арналған шолуды ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Премьер-министрдің баспасөз қызметі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өндіріс көлемін ұлғайту және отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын арттыру бойынша стратегиялық міндеттер қойғанын еске салып өтті.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы "Ауыл аманаты" атты ауыл халқының табысын арттыру бағдарламасын ауқымды түрде іске асыру басталды. 2023 жылы бұл мақсаттарға 100 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 17 мың шағын несие беру жоспарланып отыр, бұл 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жалпы бүгінде шамамен 69,4 млрд теңге сомаға 11,3 мың шағын несие берілді.

Пайдаланылмай жатқан және заңнама талаптарын бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бойынша жұмыс жалғасуда. 2023 жылы мемлекетке 4,6 млн га, ал 2022 жылдың басынан бері 10 млн га қайтарылды. Жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі мәселесінің өзектілігін ескере отырып, қайтарылған жерлер тиісті елді мекендерге бекіту арқылы басым тәртіппен шаруалардың пайдасына беріледі.

Жалпы 11 айдың қорытындысы бойынша республиканың ауыл шаруашылығына 855 млрд теңге (өткен жылғы деңгейден 11%-ға артық), ал азық-түлік өндірісіне 130 млрд теңге (өсім – 9,5%) тартылды.

Осылайша, 2023 жылы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға және қолдауға мемлекет шамамен 1,2 трлн теңге қаражат бөлді. Жалпы қабылданған шаралар фермерлердің қаржылық жағдайын жақсартады және оларға 2024 жылғы егіс науқанына уақытылы дайындалуға мүмкіндік береді.
Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: