Қазақстан-Германия іскерлік кеңесінің отырысында тараптар 10 құжатқа қол қойды

28 тамызда Берлинде Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия іскерлік кеңесінің 15-отырысы өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Кеңестің тең төрағасы Қазақстан тарапынан ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр, неміс тарапынан Германия экономикасы Шығыс комитетінің атқарушы директоры Михаэль Хармс болып табылады, делінген Үкімет баспасөз қызметінің хабарламасында.

Отырысқа екі елдің негізгі салалық министрліктерінің, іскерлік бірлестіктер мен қауымдастықтардың, сондай-ақ ондаған қазақстандық және неміс компанияларының өкілдері қатысты.

Германияның ауылшаруашылық техникасын өндірушілер, өнеркәсіптік кәсіпорындар және German Agribusiness Alliance, Siemens, Siemens Energy, Deutsche Bahn, KfW Banken Gruppe, Deutsche Bank, Helaba, Euler Hermes, DF Deutsche Forfait, CT Agro, CLAAS KGaA, Svevind Energy, Flight Design General Aviation сияқты елдің ірі қаржы институттары қатысуға үлкен қызығушылық танытты.

Отырыс барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру, инвестициялар тарту және агроөнеркәсіптік кешен мен қайта өңдеу өнеркәсібі саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Сурет: primeminister.kz

Тең төрағалар Германияның Федералды канцлері Олаф Шольцтың Астанаға қыркүйек айында сапары қарсаңында өтетін іс-шараның ерекше маңызын атап өтті.

Германия Қазақстанның Еуропалық Одақтағы ең ірі сауда серіктесі екені, ал Қазақстан Германияның жетекші 50 сыртқы сауда серіктесінің қатарына кіретіні атап өтілді. Неміс инвестицияларының үлкен үлесі "шикізаттық емес" секторға, атап айтқанда, қайта өңдеу өнеркәсібіне, химия саласына, құрылыс материалдарын өндіруге, көлік пен агроөнеркәсіптік кешенге тиесілі.

ҚГІК шеңберінде тараптар 10 құжатқа, оның ішінде инвестициялық ынтымақтастықты дамыту туралы негіздемелік келісімге, Саарбрюккен Сауда-өнеркәсіп палатасы мен "KAZAKH INVEST" ҰК" арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға, қазақстандық және германдық компаниялар арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға, сондай-ақ Flight design Kazakhstan зауытын салу туралы уағдаластыққа қол қойды.

Айта кетсек, Қазақстан-Германия Іскерлік кеңесі екі елдің іскер топтарының тұрақты үйлестіру-кеңесші органы және 2010 жылдан бастап Қазақстан экономикасына неміс инвестицияларын тартудың тиімді тетігі болып табылады. Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен жұмыс істейтін 752 кәсіпорын бар.

Германия Қазақстан Скляр Роман
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: