"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы мен "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасын ұстау туралы 2026 жылғы 12 қарашада жарияланған хабарламаны сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде назарға алғанын ресми түрде мәлімдеді:
"ҚТЖ" ҰК" АҚ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде қажетті өзара іс-қимылды және сұратылған ақпарат пен материалдарды ұсынуды қамтамасыз ете отырып, құқық қорғау органдарына жан-жақты жәрдем көрсетеді. Осы хабарламаны дайындау кезінде компания жария түрде айтылғаннан басқа, осы мәселе бойынша ақпаратқа ие емес. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің мәліметтері жария етілуге жатпайды. Осыған байланысты біз осы кезеңде қосымша түсініктемелер бере алмаймыз".
Сондай-ақ ҚТЖ өзіндегі компаниялар тобы қызметін штаттық режимде жүзеге асыруды жалғастырып жатқанын және инвесторлар, кредиторлар, халықаралық қаржы институттары мен іскерлік әріптестер алдындағы барлық міндеттемелердің өз күшін сақтап қалатынын, сондай-ақ қолданыстағы келісімдердің талаптарына сәйкес орындалатынын растады.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, ҚТЖ-ны сынға алған болатын. Елжас Отыншиев "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасы қызметіне бірнеше ай бұрын, 2026 жылғы 20 шілдеде тағайындалған. Ал 2023 жылғы сәуірден бастап ҚТЖ-дағы лауазымына дейін "Самұрық-Қазына" АҚ стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры – басқарма мүшесі қызметін атқарды. Бұл лауазымда ол қордың мұнай-газ, теміржол, тау-кен және басқа да салалардағы портфельдік компанияларын басқаруға жауапты болды.