PsyPost басылымының жазуынша, ғалымдар 8229 адам қатысқан тоғыз зерттеу жүргізген. Нәтижесінде адамдардың жеке сырларын бөлісуі тек өз имиджін сақтауға байланысты емес, сонымен қатар әңгімелесушінің сезімін ренжітпеу мақсатында өзгеретіні анықталған.
Эксперименттердің бірінде әріптесі өз сәтсіздігі туралы айтқаннан кейін қатысушылардың 87%-ы өздерінің де сәтсіздіктерімен бөлісуге дайын болған. Салыстыру үшін, басқа адамның жетістігінен кейін өз жетістіктері туралы айтуға қатысушылардың 70%-ы ғана дайын болған.
Бұл айырмашылық әсіресе қатысушыларға ұнайтын адамдармен қарым-қатынас кезінде анық байқалған. Егер әңгімелесуші сәтсіздікке ұшыраса, адамдар оны қолдау үшін өздерінің де осындай тәжірибесі туралы жиі айтып отырған. Ал өздері жетістікке жеткен жағдайда, жақсы жаңалықтарын жұмсартып жеткізген, кейінге қалдырған немесе тіпті мүлдем айтпауды жөн көрген.
Тікелей онлайн қарым-қатынас форматында өткізілген соңғы экспериментте екі әңгімелесуші де сәтсіздікке ұшыраған жағдайда қатысушылардың 96%-ы өз сәтсіздігімен бөліскен. Ал екі тарап та жетістікке жеткен кезде өз нәтижелері туралы қатысушылардың 73%-ы ғана айтқан.
Зерттеушілер мұндай стратегиялардың шынымен де әңгімелесушіні қолдауға көмектесетін-көмектеспейтінін әзірге анық білмейтінін атап өтті. Алдағы уақытта ғалымдар адамдардың осындай әдейі жасалған сыр бөлісуге қалай жауап беретінін зерттеуді жоспарлап отыр.