Байкал маңынан 100 миллион жыл бұрын тіршілік еткен масалардың ізі табылды
Сурет: pexels
Ғалымдардың басты олжаларының бірі – ежелгі жәндіктердің, соның ішінде масалар мен инеліктердің жақсы сақталған іздері болды. Сонымен қатар зерттеушілер шаянтәрізділер және балықтар мен өсімдіктердің қалдықтарын тапқан.
Бұл табылған заттар ғалымдарға ежелгі тіршілік иелерінің қанша жыл бұрын өмір сүргенін, қандай ортада тіршілік еткенін және 100 миллион жылдан астам уақыт бұрын бұл өңірде климаттың қандай болғанын анықтауға көмектескен.
"Ғалымдар Бурятиядағы Байса аймағына ерекше қызығушылық танытып отыр. Себебі бұл жерден ерте бор кезеңінде өмір сүрген ежелгі жануарлар мен жәндіктердің қалдықтары жиі табылған", – делінген хабарламада.
Зерттеушілер ол жерге жету үшін қалың орманның арасымен арнайы көлікпен шамамен 100 шақырым жүріп барған.
Зерттеудің пайдасы тек ежелгі тіршілік иелерін зерттеумен шектелмейді. Байса аймағындағы кейбір тау жыныстарында органикалық заттар көп. Сондықтан ғалымдар бұл жерден болашақта мұнай түзуі мүмкін жыныстарды іздеуге болады деп есептейді.


