"2023 жылдың 1 шілдесінен бастап міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) сенімгерлік басқаруына беру кезінде зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі бұдан былай ескерілмейді. Салымшы жоғарыда аталған жинақтарының 50% дейін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беруге құқылы", - деді "БЖЗҚ" АҚ басқарма төрағасы Жаннат Құрманов.
Оның айтуынша зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік Ұлттық банктің басқаруындағы жинақтар бойынша ғана беріледі.
"Салымшы жинақтарды бір немесе бірнеше ИПБ-ға аударған кезде жинақтардың сақталуы мен табыстылығын осы компаниялар қамтамасыз етеді. Сондықтан, өз жинақтарыңызды ИПБ басқаруына аудармай тұрып, БЖЗҚ сайтынан нарықтағы басқарушы компаниялардың қолданыстағы тізбесін қарап, олардың инвестициялық декларацияларын, инвестициялық қызметтеріне шолуларды, инвестициялау тәжірибесі мен нәтижелерін зерделеп, тәуекелдерді бағалауға кеңес береміз", - деді спикер.
Сонымен бірге, зейнетақы жинақтарын ИПБ сенімгерлік басқаруынан Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруына қайтару мүмкіндігі берілетін мерзім 2 жылдан 1 жылға дейін қысқарады.
"Бұған дейін жасалған зейнетақы аннуитеті шарты болған жағдайда, ИПБ сенімгерлік басқаруына беруге қолжетімді зейнетақы жинақтарының мөлшері өзгеріссіз қалады – салымшының ЖЗШ-дағы зейнетақы жинақтары сомасының 100%", - деді спикер.
Зейнетақы жинақтарын бір немесе бірнеше ИПБ-ға аудару, сондай-ақ, жинақтарды Ұлттық банктің басқаруына қайтару үшін салымшы БЖЗҚ-ға өтінішпен жүгінуі қажет. Оны БЖЗҚ сайтындағы Жеке кабинет арқылы не БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне өзі жүгінген кезде беруге болады.