2025 жылы Өзбекстан келіссөздер процесін айтарлықтай жеделдетті. Президенттің баспасөз қызметінің мәліметінше, ел ұйым мүшелерінің 200-ден астам сұрағына жауап беріп, сыртқы саудаға қатысты 30-дан астам құжат ұсынған. Сонымен қатар екіжақты келіссөздердің 40-тан астам кезеңі өтті, ал келіссөздер толық аяқталған елдер саны 33-ке жеткен.
"ДСҰ мүшелері Өзбекстанда нарықтық экономикаға көшуге байланысты жүргізіліп жатқан қарқынды реформаларды оң бағалап отыр. Атап айтқанда, өткен жылы 68 нормативтік-құқықтық акт ДСҰ талаптары мен халықаралық нормаларға сәйкестендірілді", – деп хабарлады Өзбекстан президентінің ресми сайты.
Бұл қазақстандық бизнес үшін нені білдіреді?
Экономист Ернар Серік Өзбекстанның ДСҰ-ға кіруі Орталық Азия үшін ең маңызды экономикалық оқиғалардың біріне айналатынын айтады.
Сарапшының сөзінше, Қазақстан үшін алғашқы салдардың бірі – Өзбекстанмен саудадағы белгісіздіктің азаюы.
"ДСҰ тарифтердің, ережелердің, субсидиялардың, техникалық реттеудің және рәсімдердің ашық болуын талап етеді. Қазақстандық экспорттаушылар үшін бұл 38 миллионнан астам халқы бар нарықта жұмыс істеудің анағұрлым түсінікті шарттарын білдіреді", – дейді Ернар Серік.
Мұнда тек ірі жеткізушілер туралы ғана сөз болып отырған жоқ. Сауда жүйесінің болжамды әрі тұрақты болуы орта бизнеске де нарыққа шығуды жеңілдетеді. Бұл азық-түлік өндірушілерінен бастап қызмет көрсету және логистика саласындағы компанияларға дейін қатысты.
Инвесторлар үшін бәсеке күшейеді
Сонымен қатар Қазақстан жаңа деңгейдегі бәсекелестікке де тап болады. Өзбекстан бірнеше жылдан бері экономикасын белсенді түрде ашып келеді, ал ДСҰ-ға мүшелік инвесторлар үшін елдің халықаралық ережелер бойынша жұмыс істеуге дайын екенінің қосымша белгісі болады. Мұндай жағдайда инвесторлар енді тек салықтық жеңілдіктерді ғана емес, экономиканың іргелі көрсеткіштерін де салыстырады.
"Қазақстан үшін бұл – тәуекел. Өйткені инвесторлар нарық көлеміне, жұмыс күшінің құнына, көрші нарықтарға қолжетімділікке және реформалардың жылдамдығына қарайды", – дейді Ернар Серік.
Арзан жұмыс күші мен ішкі нарық көлемінің үлкен болуы аясында Өзбекстан еңбек сыйымдылығы жоғары өндірістерде, тоқыма өнеркәсібінде, агроөнеркәсіп секторында және машина жасаудың кейбір бағыттарында өз позициясын күшейтуі мүмкін.
Қазақстан транзиттен табыс таба алады
Сонымен бірге бұл өзгерістердің Қазақстан үшін пайдалы тұстары да болуы ықтимал. Өзбекстан – теңізге тікелей шығатын жолы жоқ мемлекет және сыртқы көлік бағыттарына қатты тәуелді. ДСҰ-ға кіргеннен кейін сыртқы сауданың өсуі аймақтың логистикалық тізбектеріне түсетін жүктемені автоматты түрде арттырады.
Сарапшының пікірінше, бұл Қазақстан инфрақұрылымы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Атап айтқанда: теміржолдар; қоймалар; транзиттік дәліздер; Қытай, Ресей, Каспий және Еуропа бағыттарындағы логистикалық орталықтар үшін сұраныс артуы мүмкін.
"Өзбекстанның экспорты мен импорты неғұрлым белсенді болса, қазақстандық көлік қуаттарына деген сұраныс та соғұрлым жоғары болады", – дейді Ернар Серік.
Өндірушілерге қысым күшейеді
Тағы бір тәуекел өңдеу өнеркәсібі мен өндірістік тізбектерге қатысты. Неғұрлым ашық Өзбекстан шикізат пен компоненттерді белсенді түрде импорттап, оларды өз аумағында өңдеп, кейін дайын өнім ретінде экспорттай алады. Яғни бұл жай ғана бәсеке емес, аймақтық өндірістік жүйедегі орын үшін күреске айналады.
Егер Қазақстан қымбат әрі икемсіз өндіріс моделін сақтап қалса, қосылған құн тізбектерінің бір бөлігі көрші елге ауысуы мүмкін.
Қызмет экспортындағы жаңа мүмкіндіктер
Экономистің айтуынша, қазақстандық банктер, IT-компаниялар, логистикалық операторлар, білім беру жобалары, консалтинг және инжиниринг компаниялары Өзбекстан нарығында қосымша мүмкіндіктерге ие бола алады. Алайда бұл үшін тек елдер арасындағы жақсы саяси қарым-қатынас жеткіліксіз.
"Нарыққа нақты коммерциялық өнімдермен шығу керек және мүмкіндіктер кезеңін жіберіп алмау маңызды", – дейді Ернар Серік.
ДСҰ-ның шектеулері де бар
ДСҰ-ға кіргеннен кейін экономиканы қолмен реттеу мүмкіндігі айтарлықтай қысқарады. Мемлекетке тарифтерді жедел өзгерту, импортты шектеу немесе ұйым талаптары мен рәсімдерін сақтамай нарыққа қолжетімділік ережелерін қайта қарау қиындай түседі.
Бір жағынан, бұл инвесторлардың сенімін арттырып, экономиканың болжамдылығын күшейтеді. Екінші жағынан, өнеркәсіптік саясат пен ішкі нарықты қорғау құралдарының икемділігі төмендейді.
Ернар Серіктің пікірінше, басты өзгеріс – Орталық Азиядағы бәсекелестіктің институционалдық сипат ала бастауы.
Бұған дейін Қазақстан ДСҰ-ға ертерек кіріп, экономикасының ашықтығы арқылы артықшылыққа ие болған. Енді бұл айырмашылық біртіндеп қысқара береді.
"Ендігі мәселе мәртебеде емес, экономиканың сапасында. Кім инфрақұрылымды жылдамырақ дамытады, бизнестің шығындарын азайтады, өңдеу өнеркәсібін дамытады және көрші нарықты өз өсімінің көзіне айналдыра алады – сол жеңеді", – дейді Ернар Серік.
Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстан Қазақстанда компания ашу қарқыны жөнінен ең жоғары өсімді көрсетті. Өсім 59,5%-ды құрады немесе 2910 кәсіпорынға жетті. Қазіргі таңда Қазақстанда өзбек капиталы қатысатын 7800-ден астам заңды тұлға жұмыс істейді.