Реттеушінің мәліметінше, 2026 жылғы 19 шілдеден бастап Қазақстанда банкаралық мобильді төлемдердің жаңа жүйесі жұмыс істей бастады. Оның арқасында тұтынушылар кез келген банктің POS-терминалы арқылы бірыңғай QR-кодпен төлем жасай алады.
Жүйеге толықтай техникалық қызмет көрсететін Оператор – Ұлттық Банктің еншілес ұйымы – Ұлттық төлем корпорациясы (ҰТК). ҰТК-ның басты міндеті – банкке, халық пен кәсіпкерге тең мүмкіндік беретін, тәуелсіз әрі үздіксіз жұмыс істейтін төлем ортасын құру. Бұл жүйе клиентке қызмет көрсетіп, төлем қабылдауда кәсіпкерлердің мүмкіндігін кеңейтеді деген сөз. Енді төлем карталарымен шектелмей, қолда бар терминал арқылы кез келген басқа банктен QR-төлемдер қабылдай беруге болады. ҚР Ұлттық банкі
Сатып алушы үшін Бірыңғай QR бойынша төлем жасау – тегін.
Бұл ретте заңнамада маңызды талап бар: банкаралық төлем кезінде Бірыңғай QR арқылы орындалатын төлем комиссиясы бизнес үшін өзге банктің картасымен төлем жасаған кезде ұсталатын комиссиядан жоғары болмауға тиіс. Осылайша, кәсіпкерлер Бірыңғай QR арқылы төлем қабылдағанда басқа кез келген банктің картасымен жасалған ұқсас транзакция құнынан артық шығын әкелмейтініне кепілдік беріледі. ҚР Ұлттық банкі
Егер сатып алушы мен сатушының терминалына бір банк қызмет көрсетсе, тарифті сол банктің өзі белгілейді.
Егер банктер әртүрлі болса, кәсіпкер үшін комиссия былай қалыптасады:
- 1%-ы – сатып алушының банкіне кетеді (сатып алушының банкіне сатушының банкі төлейтін interchange банкаралық комиссиясы). Оның бір бөлігін банк клиенттерге бонус пен кэшбек түрінде қайтара алады. Яғни, комиссияның осы бөлігі бонус бағдарламаларын қаржыландырады;
- Қалған соманы қолма-қол ақшасыз төлем қабылдағаны үшін кәсіпкерге қызмет көрсетуші банк алады.
Осы сомадан сатып алушының банкі мен мен кәсіпкердің банкі жүйеге операторлық қызмет көрсеткені үшін ҰТК-ға төлейді: телефон нөмірі арқылы орындалатын аударымға – 0 теңге, ал Бірыңғай QR бойынша төлемге – 0,05%. Осылайша, ҰТК телефон нөмірі арқылы өңделетін банкаралық аударымдар үшін банктен де, олардың клиентінен де ешқандай комиссия ұстамайды.
Банктер де кәсіпкерлік субъектісі саналатынын айта кеткен жөн. Олар инфрақұрылымын дамытып, POS-терминалдарын орнатуға және басқа да қызметтерге жұмсалатын шығындарды өзі көтереді. Осыған байланысты кез келген бәсеке ортасы секілді кәсіпкерлерге комиссия белгілейді. ҚР Ұлттық банкі
Сонымен қатар, Ұлттық Банк жаңа жүйенің жұмысы мен банктердің тариф саясатын мұқият бақылап отыр. Бұның бәрі жүйелі жұмысқа жатады және ол оңтайлы шешім шығару үшін жасалады.
Бұған дейін де Ұлттық Банк халықаралық төлем жүйелерімен (Visa, Mastercard, UnionPay) және банктермен бірлесіп, екі жыл ішінде төлем карталарының барлық санатындағы банкаралық комиссияны (interchange) кезең-кезеңімен 2 есе төмендетті: жалпыға ортақ карта – 1,8%-2,0%-дан 1%-ға дейін, премиум карта – 2,4%-дан 1,2%-ға дейін; суперпремиум карта – 2,45%-дан 1,4%-ға дейін.
Бірыңғай QR арқылы төлем жасауды жеңілдететін жаңа тәсіл кәсіпкер үшін қолма-қол ақшамен, банк картасымен және банкішілік QR-мен есеп айырысу сияқты үйреншікті әдістерге қосымша мүмкіндік беретінін айта кеткен жөн. Бизнес өзі таңдайды: өз қалауы мен клиентке ыңғайлы болса, бірнеше банктің POS-терминалын әрі қарай қолдана беруге де болады немесе барлық төлемді бір терминалға біріктіруге болады. Осылайша, Бірыңғай QR-дың пайда болуы әдеттегі төлем әдістерін шектемейді, керісінше, оларды кеңейтіп, бизнес пен тұтынушыға еркін таңдау жасауға мүмкіндік береді.
Келешекте осы жүйенің негізінде жаңа пайдалы мүмкіндіктер пайда бола бастайды. Олардың қатарында төлем жасау туралы сұрау жіберу, компаниялар мен мемлекеттік органдар арасында есеп айырысу, трансшекаралық операциялар және басқа да қызметтер бар.
Ұлттық Банк биылғы 17 шілдеден бері жүйе арқылы 1 миллионға жуық транзакция өңделгенін атап өтеді. Бұл өз кезегінде қазақстандықтар арасында жаңа сервистің жоғары сұранысқа ие екенін көрсетеді.