Алтынның құны қайта өсті: бағалы металл бағасының шарықтауына не әсер етуде

Фото: pexels
Жаһандық нарықта алтын тағы да басты тақырыпқа айналды. Бірнеше айлық төмендеуден кейін алтынның құны қайта өсіп, әлем елдерінің орталық банктері оның қорын белсенді түрде сатып алуды жалғастыруда. Бағалы металл нарығындағы соңғы жаңалықтар туралы толығырақ Zakon.kz ақпаратынан оқыңыз.

Бірнеше айлық түзетуден кейін алтын бағасы қайта өсе бастады. Әлемдік нарықта бір троя унциясының құны қайтадан 4170 доллардан асып, бір күннің ішінде 2%-дан астам өсті. Ал соңғы 12 айда бағалы металл шамамен 23%-ға қымбаттаған.

Соған қарамастан, қазіргі баға тарихи ең жоғары деңгейден шамамен 25%-ға төмен болып отыр. 2026 жылдың қаңтарында алтынның бір троя унциясының бағасы алғаш рет 5600 доллардан асып, тарихи рекорд орнатқан еді.

Қазақстандағы өсім бұдан төмен болғанымен, оң динамика сақталуда. Ұлттық банктің мәліметінше, бүгінде бір грамм тазартылған алтынның бағасы 61 444,62 теңге. Бір жыл бұрын ол 58 514,37 теңге болған. Яғни, бір жыл ішінде алтынның бағасы шамамен 5%-ға өсті.

Назар аударатын жайт – әлемдік нарықта алтын бағасы бір жылда 23,3%-ға өссе, Қазақстанда тек шамамен 5%-ға ғана қымбаттады. Бұған теңгенің нығаюы әсер етті. Соңғы 12 айда доллардың теңгеге шаққандағы бағамы шамамен 12,4%-ға төмендеген. Соның нәтижесінде әлемдік бағаның өсуі ішкі нарықта толық көлемде байқалған жоқ.

Трамп баж салығын көтерді – нарық алтын сатып ала бастады

Әлемдік қаржы нарығының тарихы көрсеткендей, белгісіздік күшейген кезеңдерде алтын бағасы әдетте өседі. Оның себебі – бұл активтің табиғатында.

Валюта, облигация немесе акциядан айырмашылығы, алтын ешбір мемлекеттің, банктің немесе компанияның міндеттемесі болып саналмайды. Оның құны белгілі бір эмитенттің қаржылық жағдайына тәуелді емес. Сондықтан соғыс, қаржы дағдарысы, сауда қақтығыстары немесе инфляция күшейген кезде инвесторлар өз қаражатының бір бөлігін алтынға салады.

Мұның соңғы айқын мысалы 2026 жылдың басында байқалды. АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі әлемнің іс жүзінде барлық елдеріне импорттық баж салығын айтарлықтай көтеретінін жариялағаннан кейін инвесторлар жаңа сауда соғысы басталып, инфляция үдеп, әлемдік экономика баяулауы мүмкін деп алаңдай бастады.

Осының аясында екі айға жетпейтін уақыт ішінде алтынның бір троя унциясының бағасы шамамен 4700 доллардан 5600 долларға дейін көтеріліп, тарихи рекорд орнатты.

Ормуз бұғазы нарықтың назарында

Trading Economics сарапшыларының мәліметінше, инвесторлар қазір Ормуз бұғазының айналасындағы келіссөздерді мұқият бақылап отыр. Әлемдік мұнай тасымалының шамамен бестен бір бөлігі осы тар теңіз дәлізі арқылы өтеді. Кеме қатынасына төнетін кез келген қауіп мұнай бағасының өсуіне, инфляциялық қысымның күшеюіне және қорғаныс активтеріне, соның ішінде алтынға сұраныстың артуына себеп болуы мүмкін.

OANDA компаниясының аға нарық талдаушысы Кельвин Вонг мұнай мен алтын бағасының өзара байланысына тоқталды.

"Алтын мен мұнай арасындағы байланыс өзгерген жоқ. Өйткені мұнай бағасы инфляциялық қысым арқылы әлемдік экономикаға айтарлықтай әсер етеді. Егер шиеленісті одан әрі бәсеңдетудің нақты жоспары ұсынылса, алтын бағасы өсуі мүмкін", – деді Кельвин Вонг.

Мұнда алтын бағасы мұнайға тікелей тәуелді деген сөз емес. Мұнай қымбаттаған сайын инфляция күшейеді деген күту артады, ал алтын инвесторлар үшін ақшаның құнсыздануынан қорғайтын сенімді құрал ретінде қарастырылады.

Нарықтың алдағы бағыты туралы пікірталастар жалғасып жатқанымен, әлемнің орталық банктері алтын қорын көбейтуді жалғастырып келеді.

World Gold Council бағалауынша, 2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстан Ұлттық банкі 15 тонна алтын сатып алып, таза сатып алу көлемі бойынша әлемде төртінші орынға шыққан. Әлем бойынша Польша – 51 тонна алтын сатып алып, алғашқы орынға жайғасқан. Одан кейін 33 тоннамен Қытай тұр, ал үздік үштікті 16 тоннамен көршілес Өзбекстан елі тамамдаған.

Сонымен қатар, World Gold Council жүргізген сауалнамаға сәйкес, орталық банктердің 89%-ы алдағы бір жыл ішінде әлемдік алтын резервтері әрі қарай өседі деп күтеді. Ал 45%-ы өздерінің алтын қорын көбейтуді жоспарлап отыр.

Бұл стратегия әлемнің ірі қаржы институттарының геосаяси және экономикалық белгісіздік сақталған жағдайда алтынды ең сенімді резервтік активтердің бірі ретінде қарастыратынын көрсетеді. Сондықтан теңге нығайып жатқанымен, Қазақстандағы алтын бағасына негізгі ықпал ететін фактор – әлемдік нарықтағы алтын құны болып қала береді.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Мемлекет басшысы Астанада жасанды интеллект бойынша IOAI-2026 халықаралық олимпиадасын ашты

Қазақстанда интерн-дәрігерлерді даярлау жүйесі жетілдіріледі

Грант конкурсының қорытындысын қайдан білуге болады

Шекарадан дизель отынын алып өтпек болған шетелдік қитұрқы әрекетке барған - кедендіктер оны бірден байқады

2 тамыздағы Астана мен Алматы айырбастау пункттеріндегі валюта бағамы