Алматы облысының Іле аудандық сотында банк пен жауапкерлер арасындағы қарызды өндіріп алу және кепіл мүлкін сату туралы азаматтық іс қаралды. Банк сотқа ЖШС мен кепілгерлерден 57,9 миллион теңге көлеміндегі берешекті өндіріп алу туралы талап-арызбен жүгінген. Қарызды өтеу мақсатында банк зейнеткерлерге тиесілі, құны 110 миллион теңгелік кепілдегі тұрғын үйге өндіріп алуды қолдануды талап еткен.
Іс материалдарына сәйкес, қарт кісілер отбасы мүшесінің кәсіпкерлік қызметі бойынша алынған несиеге кепілгер болған. Бизнес нысанындағы өрттен кейін туындаған қаржылық қиындықтар салдарынан несиелік міндеттемелер уақытылы орындалмаған.
"Сот талқысы барысында судья тараптардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында медиация рәсімін қолданудың заңдық салдары мен тиімділігін түсіндірді. Соттың ықпал етуімен тараптар өзара тиімді медиативтік келісімге келді. Жауапкерлер 57,9 млн теңге берешекті мойындап, оны 24 ай ішінде бекітілген кестеге сай бөліп төлеу міндеттемесін алды. Ал банк ұсынылған қарызды қайтару кестесімен келісіп, кепілдегі тұрғын үйге мәжбүрлі түрде өндіріп алуды қолдану талабынан бас тартты. Осылайша, медиация рәсімі кредитордың қаржылық мүддесін қамтамасыз ете отырып, зейнеткерлердің жалғыз баспанасын мәжбүрлі сатылымнан сақтап қалуға мүмкіндік берді", делінген сот хабарламасында.
Сот ұйғарымы заңды күшіне енді.
Бұған дейін Қазақстанға қоныс аударатын қандастар мемлекеттік субсидияны қалай ала алатынын жазғанбыз.