Ата-аналардың көпшілігі баласының еңбектегеннен гөрі тезірек жүріп кеткенін қалайды. Өйткені бала еңбектеген кезде қолын да, тізесін де кірлетеді әрі ауыртып алады деп уайымдайды. Ал ол пікірді дәрігерлер құптамайды. Олар еңбектемеген бала дұрыс жүре алмайтынын алға тартады. Дәрігерлердің айтуынша еңбектеу баланың дұрыс жүріп-тұруына, ойлау қабілетінің дамуына, дұрыс өсуіне септігін тигізеді екен. Сонымен еңбектеу несімен пайдалы екеніне назар аударайық деп жазады tirshilik-tynysy.kz.
Еңбектеу кезінде баланың аяқ-қолдары бір уақытта қимылдап, миы үнемі жұмыс үстінде болады. Оң қолы алға жылжығанда сол аяғы қимылдайды. Ал сол қолы қимылдағанда керісінше оң аяғы жұмыс істейді. Бұл кезде баланың қан айналымы жақсарып, денесі шынығады. Еңбектеген бала ширақ болып өседі. Бала тезірақ жүруді үйренсін деп төрт аяқты арбаға мінгізеді немесе үстін кірлетіп, қол-аяғын былғамасын деп манежге салып қояды. Баланы бұлай шектеу мүлде дұрыс емес. Бала еркіндікте, алаңсыз өссе ғана болашағынан мол үміт күтуге болады. Ешқашан баланы қымтап, қамап тәрбиелей алмайсыз. Керісінше оның болашағына кесіріңізді тигізіп, тәрбиесіне нұқсан келтіресіз.
Еңбектеу кезінде баланың иық бұлшықеттері қозғалыста болады. Бұл кезде күштің бәрі қолға, иыққа, көкірек жасушаларына түсіп, оны қуатты етеді. Сонымен бірге көздің жақыннан көруін жақсартып, ертеңгі күні баланың кітап, газет-журнал оқуына, жазып, сызуына жақсы көмек береді.
Манежде немесе еденде еңбектеген дұрыс па?
Кейбір балалар манежде де еңбектеп жүреді. Бұл әрине бала үшін қауіпсіз. Ал оның қоршау екенін ескерсек, баланың дамуына кері ықпал етеді. Сондықтан баланы кең және артық заттар жоқ жерде еңбектету керек. Егер бала манежде отырғысы келмей жыласы, онда оны тез арада түсіріңіз. Өйткені балаға ол қоршау ұнамайды. Оны өз еркіне жіберіңіз.
Егер бала етбетінен жатып еңбектеуге әрекеттенсе, онда қандайда бір жаттығулар жасатып, тезірек мақсатына жетуіне көмектесіңіз. Сонда бала өз жасынан әлдеқайда ертерек қимылдайды. Ертерек еңбектеп, ертерек жүруге талпынады.
Баланың дұрыс өсіп-жетілуін қаласаңыз біраз жайттарды ескеріңіз:
баланы бөлемеңіз;
көбінесе ішімен жатқызыңыз;
бөлмені жиі-жиі желдетіп, ылғалдандырып тұрыңыз;
бөлменің ауасын бір қалыпты ұстаңыз;
аяқ-қолдарын еденде басып жүретіндіктен оны төсенішсіз қалдырмаңыз.
Бала не үшін еңбектемейді?
Иә, кейбір балалар еңбектемей жүріп кетеді. Бұл үшін алаңдаудың қажеті жоқ. Егер бала еңбектемесе оған ата-аналары кінәлі. Егер бала еңбектеуден бас тартса, онда оның денсаулығында бір ақаулықтың бар екенін аңғартады. Ол мидың қан айналымы дұрыс істемегеннен, туылу кезінде қандай да бір зақым алғаннан, бұлшық еттердің дұрыс қозғалмауынан болады.
Бала қай кезден бастап еңбектеуі керек?
Негізінде дені сау бала 6-7 айдан бастап еңбектеуді бастайды. Ал кейбір балалар төрт айында-ақ аударылып, артқа қарай қозғалады. Ал кейбіреулер жасына жақындағанда бір-ақ еңбектей бастайды. Бұл үшін алаңдаудың еш қажеті жоқ. Бастысы бала еңбектеуге талпынып, қозғалыста болса болғаны.
Баланы еңбектеуге қалай үйрету керек?
1. Кеңістікті шектемеңіз
Бала еңбектеуді үйрену үшін кең әрі таза жер керек. Манежге салып қоймаңыз. Өз еркімен бөлмеде жүруіне жағдай жасаңыз.
2. Еденді дайындаңыз
Еденнің үстіне кілем төсеп қойыңыз. Линолеум мен паркетте баланың аяқ-қолдары сырғанап, еңбектеуге мүмкіндігі болмайды.
3. Мақтап ынталандырып отырыңыз
Барлық бөлмелерге бір-бір ойыншықтан немесе баланы қызықтыратын заттар қойыңыз. Бала соған жету үшін талпынады.
4. Еңбектенуге үйретіңіз
Егер бала жатса немесе отырса, онда қолы жетер-жетпес жерге ашық түсті ойыншық қойыңыз. Бала соны алу үшін әрекет етеді.
5. Қауіпті заттарды жоғарыға қойыңыз
Бала еңбектейтін бөлмеде артық заттардың болмағанын қадағалаңыз.
6. Балаға қалай еңбектеу керектігін көрсетіңіз
Оның көкірегінен ұстап жоғары көтеріңіз де қозғалуға үйретіңіз. Өзіңіз де еңбектеп көсетсеңіз, бала соны қайталайды.
7. Жаттығу жасаңыз
Балаға міндетті түрде күн сайын жаттығу жасау керек. Ол баланың бұлшық еттерін қатайтады әрі тезірақ еңбектеуге, жүгіруге үйретеді.