Халқымызда «бір ұл тәрбиелесең – бір әулетті тәрбиелегенің, бір қыз тәрбиелесең – бір ұрпақты тәрбиелегенің» деген дана сөз бар деп жазады qazradio.fm.
Сондықтан халқымыз қыз бала тәрбиесіне аса мән берген. Әр қазақтың қалауы – қызының өзге отбасының, шаңырағының түтінін түзу түтетіп, саналы ұрпақ тәрбиелеуі.
Сондықтан қызын төріне отырғызып, барынша аялай отырып ұлттық тәрбиені бойына сіңірген. Осыған байланысты қыздарды оң босағаға отырғызу және қыздарға айтыс, көріс, жоқтау үйрету дәстүрлері бар.
ҚЫЗДАРДЫ ОҢ БОСАСАҒАҒА ОТЫРҒЫЗУ
Ежелгі салт бойынша, қыз бала он екіге толғанда үйдің оң босағасынан орын беріп, өзіне тиесілі киім-кешек, көрпе-жастығы мен жатын орнын шымылдық құрып көлегейлеп, бөлектеп тəрбиелеген. Бұл «қызды оң босағаға отырғызу» деп аталған. Ал, оны бүркеп, көлегейлеп тұрған үлкен перде – «шымылдық», шымылдық ішіндегі қыздың орны «көсеге» делінген. Қыз бойжетіп ұзатылғанда, көсегесін жасаумен бірге алып кетеді. Халықтық бата-тілектерде айтылатын «көсегең көгерсін» деген сөз содан шыққан. Қазақ халқының қыздарды жастайынан оң босағаға отырғызуының үлкен ғылыми негізі бар. Ол қыздардың дербес өмір сүру қабілетін жоғарылатады. Болашақ отауды қалай ұстап, қалай басқаруды, шаруашылық істерін реттеп, жөнге салуды үйретеді. Еңбекшілдікке, іскерлікке тəрбиелеп, ана, отау иесі болуға бейімдейді. Сондай-ақ, болашақ отбасы мен ұрпағы алдындағы жауапкерлік сезімін арттырады.
ҚЫЗДАРҒА АЙТЫС, КӨРІС, ЖОҚТАУ ҮЙРЕТУ
Қыздарды оң босағаға отырғызған соң, оларға отбасын қалай басқарып, жөнге салу жөнінде тəрбие жүргізумен қоса, қазақ салт-дəстүрлері мен айтыс, көріс, жоқтау өнері баса үйретіледі. Мұнда білікті аналар ертелі-еш оң босағада отырған қызына айтыс, көріс, жоқтаулардың сан алуан халықтық үлгілерін айтып үйретеді.
Ал, оны өзі үйрету мүмкіндігі болмаса, айтыс, жоқтау, көріс өнеріне жүйрік адамдарды шақырып, соларға үйреткізеді. Онан соң, қыздарын торқалы той, топырақты өлімдерге ертіп барып, айтыс, көріс, жоқтау өнеріне машықтандырады.
Бұл өнер қыздарды психикалық жақтан қайғы келсе жасымайтын, бақыт қонса тасымайтын, орнықты, байсалды болып, өмірге ой көзімен қарайтын, поэзия мен тіл өнеріне майталман, өнерсүйгіш, жаны жайсаң, мінезі биязы болып шығуға тəрбиелейді.