Қазақстанда ең танымал мемлекеттік қызметтердің атауы өзгертіледі

2022 жылы Қазақстанда танымал мемлекеттік қызметтердің атауы өзгеруі мүмкін, деп хабарлайды Zakon.kz.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бұл бастаманы азаматтарға қажет қызметтерді eGov порталынан іздеу оңай болу үшін ұсынып отыр.

Мысалы, ең көп сұралатын қызметтердің бірі – сотталмағандығы туралы анықтама ресми түрде «Сотталғандығы болуы немесе болмауы туралы анықтама беру» деп аталады. Жаңа пилоттық нұсқасында оны «Сотталмағандығы туралы анықтама» деп атау жоспарлануда. Бұл псих және наркодиспансерден алынатын анықтамаларға да қатысты.

Тағы бір ерекше мысал – ЭЦҚ алу. Бұл қызмет ресми «Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығының тіркеу куәлігін алу және кері қайтарып алу» деп аталады. Жаңа нұсқада ол жай ғана «ЭЦҚ алу және қайтарып алу» деп аталатын болады.

«Сұранысқа ие мемлекеттік қызметтердің атауларын оңайлату клиенттерімізге керекті қызметті eGov порталынан немесе ХҚО-ға жүгінген кезде жылдам табуға көмектеседі. Көптеген мемлекеттік қызметтердің қолданыстағы атаулары құрылым жағынан тым күрделі, сондықтан оларды шатастыру оңай. Біз барлық мемлекеттік қызметтердің 96%-ын ұсынатынымызды ескерсек, кейде тіпті операторларымыз да қажетті қызметті бірден тауып жатпайды. Мысалы, біз арқылы Спорт атақтары мен санаттарын беру* қызметі жүргізіледі. Осы қызметтің ресми атауы 78 сөзден тұрады! Қазір біз дайындап жатқан нұсқада ең танымал 90 Мемлекеттік қызметтің атауы портал және ХҚО үшін жеңілдетіліп отыр», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сүйеніш Әбділдин.

Мемлекеттік қызметтердің атауын өзгерту туралы ұсыныс ведомствоаралық комиссияда да айтылды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы мемлекеттік қызмет түрі 662-сі көрсетіледі.

* Спорт атақтарын беру «Спорттық атақтар мен санаттар беру» қызметі толығымен келесідей аталады: «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері", "Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері", "Қазақстан Республикасының спорт шебері" және "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы" спорттық атақтарын және біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты жаттықтырушы, біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты жаттықтырушы-оқытушы, біліктілігі орта деңгейдегі жоғары санатты жаттықтырушы, біліктілігі орта деңгейдегі жоғары санатты жаттықтырушы-оқытушы, біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты әдіскер, біліктілігі орта деңгейдегі жоғары санатты әдіскер, біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты нұсқаушы-спортшы, жоғары санатты ұлттық спорт төрешісі, ұлттық спорт төрешісі біліктілік санаттарын беру»

** Жылжымайтын мүлікке техпаспорт алу және оны кадастрға енгізу жөніндегі қызмет келесідей аталады: «Жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікке ғимараттардың, құрылыстардың және (немесе) олардың құрамдас бөліктерінің сәйкестендіру және техникалық мәліметтерін құқықтық кадастрға енгізу, жылжымайтын мүлік объектілерінің техникалық паспортын беру және жаңадан құрылған жылжымайтын мүлік объектісіне жүргізілген мемлекеттік техникалық тексеру қорытындылары бойынша сәйкестендіру және техникалық мәліметтердің алшақтығын белгілеу туралы қорытынды беру».

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: