Бүгін Министрлік басшылығы үкіметтік емес ұйымдардың («Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы» ҚБ, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғаудың халықаралық қоры» ҚҚ, «Солтүстік Қазақстан Құқықтық медиа-орталығы» ҚҚ, «Internews Network» Қазақстандағы өкілдігі және т.б.) өкілдерімен онлайн-форматта кездесу өткізді.
Кездесуде қаңтар айында Қазақстан бойынша өткен жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ұсталған журналистердің құқықтарын қорғау және іске асыру мәселелері талқыланды.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев өз сөзінде министрлік наразылықтар басталғаннан журналистердің құқықтарын сақтау және қорғау бойынша ішкі істер органдарымен өзара тығыз іс-қимыл атқарғанын атап өтті.
Мына БАҚ өкілдеріне әкімшілік қамауға алу мерзімі мен айыппұл мөлшері азайтылды: «Шығыс Ақпарат» ЖШС тілшісі Дарын Нұрсапаров, «Көкше-Азия» ақпараттық агенттігінің шеф-редакторы Нұржан Баймолдин, «Уральская неделя» газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедьяров, «Жемқорлық және заң газеті» газетінің бас редакторы Қаламқас Ботабекова. Сондай-ақ, қамауға алынған өзге де журналистер істің ақ-қарасы анықталған соң сол күні босатылды.
ҮЕҰ өкілдері тарапынан журналистердің құқықтық мәртебесін арттыруды бекіту, сондай-ақ митингілер кезінде БАҚ өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау бойынша құқық қорғау органдарының қызметкерлерін оқыту ұсыныстары айтылды.
Сонымен қатар, министрлік журналистер мен БАҚ өкілдерінің қызметі ҚР заңнамасы, сондай-ақ бейбіт жиналыстарға қатысатын журналистің (БАҚ өкілінің) қызмет қағидалары және журналистердің құқықтары бұзылған жағдайда, олардың құқықтарын қорғау регламенті шеңберінде жүзеге асырылатынын еске салады.
Министрлік кез келген журналистің құқығы бұзылған жағдайда министрлік көмегіне жүгіне алатынын атап өтті.