Алматыда күніне төрт энергетик ішкен ер адамның асқазаны тесіліп, шұғыл ота жасалды
Фото: pexels
Ведомствоның мәліметінше, іші қатты ауырған жас жігіт Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген.
"Дәрігерлер перитонитпен асқынған асқазанның тесілген ойық жарасын анықтады. Науқасқа шұғыл ота жасалды. Хирургтер асқазан қабырғасындағы тесікті тігіп, құрсақ қуысын тазартты. Емнен кейін науқастың жағдайы жақсарып, үйіне шығарылды", – деп хабарлады Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Науқастың айтуынша, ол бірнеше ай бойы күн сайын 3–4 банка энергетикалық сусын ішкен.
Алматы Орталық қалалық клиникалық ауруханасының хирургі Ілияс Сағиев энергетикалық сусындар асқазанның тесілуіне тікелей себеп болды деп тұжырым жасауға болмайтынын ескертті. Дегенмен дәрігердің айтуынша, мұндай сусындарды шамадан тыс тұтыну асқазан-ішек жолына кері әсер етуі мүмкін.
Әсіресе асқазан аурулары бар адамдарға сақ болған жөн.
Айта кетейік, 2026 жылғы 29 қыркүйекте Қазақстанда алғаш рет хирургтер асқазанға роботтандырылған ота жасағаны белгілі болды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Алматы онкологиялық орталығында дәрігерлер үлкен хирургиялық тілік жасамай-ақ асқазанның бір бөлігін алып тастаған.