Баланы еркіне қою туралы маман не дейді

Баланы еркін өсіру, қалағанын істеуге рұқсат беру, сұрағанын алып беру — кейінгі кезде бала тәрбиелеу әдісіне еніп кетті. Осылайша бала айналасын жақсырақ таниды деседі. Бірақ мұндай тәсілдің қандай жағымсыз салдары болуы мүмкін? Zakon.kz маманнан сұрады.

Психолог Оксана Гулактың айтуынша, адамның шекарасы болмауы, шындықты түсініп, сезінбеуі, басқа адам мен өзінің қызығушылығы қай жерде бітетінін білмеуі психоз деп аталады.

Маманның сөзінше, адамның іштей психологиялық шекарасы оның өзгелермен қарым-қатынас құрып, байланыста өмір сүруі үшін қажет.

Адамды тым еркін етіп тәрбиелегенде үнемі қауіп болатыны бар. Баланы жақсы көру дегеніміз — оған қалағанының бәрін істеуге рұқсат ету ғана емес, сонымен бірге рұқсаттың да шекарасын қою. Ал балаға толық еркіндік берілсе, қалағанын жасаса, оның өзінің мен деген сезімі жоғалады. Шекара дегеніміз белгілі бір қарым-қатынастарды құруға керек. Мысалы, жақсы көру — жек көру, болады — болмайды, ұнайды — ұнамайды деген сияқты сезімдерді ажырату үшін керек. Бұл сезім идентикасын қалыптастырады. Олай болмаған жағдайда адам болашақта отбасынан тыс, қоғамда басқа адамдармен қарым-қатынас орнатуға қиналады.Психолог Оксана Гулаг

Психологтың айтуынша, баласын тым еркін тәрбиелеген ата-аналарда өз баласының алдында өзін кінәлау сезімі болуы мүмкін. Сондықтан олар баласын еркін өсіруі ықтимал.

Мұндай ата-аналар «Балаға жеткілікті көңіл бөле алмадым» деп ойлауы мүмкін. Ересектер баламен толық эмоционалды байланыста бола алмағанынан оларға қалағанын жасауға мүмкіндік беріп жатады.Психолог

Ал психотерапевт Тамара Асим баланы еш шектемей, тым еркін тәрбиелемеу керек деп есептейді.

Психологияда тәрбиелеу кезінде ата-аналар мен тәрбиешілерге қойылатын екі критерий бар. Біріншіден, тәрбиедегі мақсатты айқындап алу керек. Бұл баланың қандай болып шыққанын қалайсыз? Соған жауап беру керек. Екіншіден, өзіңіз білетін, көрген тәсілмен тәрбиелеу. Бәріне рұқсат беріп тәрбиелеген кезде проблема балада емес, ата-анада екені түсінікті. Шекара деген түсінік бар. Адамның өзінің шекарасы, басқалардың шекарасы дегендей. Өз шекарасын дұрыс бекіте алған, өзінің шекарасын білетін адам өзгенің шекарасына қол сұқпайды. Дәл осы нәрсені балаға көбіне ата-анасы үйретеді.Психотерапевт Тамара Асим

Маманның сөзінше, шексіз рұқсат беру ешқашан, еш жерде және ештеңеде болмауы керек.

Баласына туғаннан шексіз рұқсат берген, еркін тәрбиелеген ата-аналар кейін өздері қиналады. Мұндайдың арты жақсымен бітпейді. Мұндай тәрбие тұлғаның қалыптасуына тікелей әсер етеді. Салдарынан бала асоциалды (социумға бейім емес) тұлға болып шығады. Мұндай баланың қоғамда өмір сүруі қиынырақ болады. Ондай адам қоғамда өзін қалай ұстау керек екенін білмегендіктен қоғамға сіңісе алмайды.Психотерапевт

Маманның пікірінше, ата-аналардың еркін өсіру тәсілін таңдауының екі себебі болуы мүмкін. Біріншіден, ата-ана өзі еркін өсуі, оған бала кезінде бәрі рұқсат етілуі мүмкін. Екіншіден, керісінше ата-ана толық бақылау мен тыйымның астында өсуі мүмкін. Сондықтан олар есейгенде «Өз балаларыма толық еркіндік беремін» деп шешім қабылдаған.

Алматы Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: