Stan.kz ақпарат агенттігінің мәліметінше Морган Хипворт бала кезінен аспаздық шоуларды көргенді ұнататын. Жас бала теледидардан көргенін қайталап, ерекше тағамдарды отбасына әзірлеген.
"Үйіміздің асханасын мейрамхана сияқты ұйымдастыратынмын. Мәзір мен тағам бағаларын шығарып, ол жерді "Морганның дәмханасы" деп атадым", – дейді Хипворт.
13 жаста болған кезінде Морган жергілікті мейрамханалардың бірінде тамақтанып, кәсіп иесімен әңгімелесіп қалған. Жасөспірімнің асхана мен тәтті пісіру жайлы біліміне таңғалған мейрамхана иесі баладан мұның сырын сұраған. Сонда Морган өз үйінде тәтті пісірумен айналысатынын айтқан. Мейрамхана иесі жасөспірім пісіретін өнімдерден дәм татқысы келетінін айтып, ақырында қатты ұнатып қалған. Хипвортқа торт пен кекстерге тапсырыс берген.
Тапсырысты орындау үшін бала ата-анасының көмегімен арнайы лицензия да алған. Уақыт өте келе жасөспірім пісіретін өнімдер халық арасында танымал болып, оған өзге де мейрамханалардан тапсырыстар ағылған. Ақырында олардың саны 70-ке жеткен.
Хипворт әр демалыс сайын 800-ге жуық тәтті бәліш, торт пісіруге мәжбүр болды. Мектеп пен қосымша спорт үйірмелеріне баратындықтан, кәсібіне әрең үлгеріп жүрді.
10-сыныпта оқып жүргенде ол жеке дәмханасын ашқысы келетінін, оны өз атымен атағысы келетінін түсінді. Ата-анасы мектептегі демалыс уақытында, небәрі сегіз күннің ішінде оған бәліш сататын дүңгіршек ашуға рұқсат берді. Жеткіншек осы уақыт аралығында 55 мың аустралиялық доллар (шамамен 20 млн теңге) көлемінде пайда тауып үлгерді.
Жасөспірім 11-сыныпқа өткен соң, дәмхана тұрақты негізде жұмыс істей бастады. 21 жастағы Хипворттың сөзінше, осы уақытқа дейін ол 500 мың бәліш пісіріп, 3 мың түрлі дәм татып үлгерген.
"Егер сүйікті жұмысыңызды таба алсаңыз, өміріңізде бірде бір күн жұмыс істемейсіз", – деп түйіндеді аустралиялық жігіт.