Елімізде азық-түлік тапшылығының туындауына негіз жоқ – ҚР АШМ

Ауыл шаруашылығы вице-министрі министрліктің елді азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша жүргізіп жатқан жұмысы туралы хабардар етті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Вице-министрдің айтуынша, нақтыланған жедел деректерге сәйкес 12 наурызда республикада 1,3 млн тоннаға жуық ауыл шаруашылығы әлеуметтік маңызы бар азық – түлік өнімі, оның ішінде ұн – 144 мың тонна, қант – 90 мың тонна, күріш – 39,3 мың тонна, макарон-21,5 мың тонна және 900 мың тонна көкөніс өнімдері және т. б. бар.

«Айта кету керек, азық-түлік қоры күн сайын жаңартылып, қажет болған жағдайда толықтырылып отырады. Республикада жарма, ұн және басқа да тауарлар өндіру үшін шикізат жеткілікті. Сондай-ақ ет және сүт өнімдерін өндіру үшін мал басы жеткілікті», - деп атап өтті Жеңіс Өсербай.

Вице-министр азық-түлік тауарларының барлық түрлері бойынша халықтың қажеттілігі өз өндірісі есебінен қамтамасыз етілетініне, ал кейбір өнімдер бойынша қажеттіліктен едәуір асып түсетінін атап өтті.

Мысалы, жыл сайын тұтыну көлемі 1,6 млн тонна бола тұра орта есеппен 3 млн тоннадан астам ұн өндіріледі, 95 мың тонна қажет болған жағдайда күріш өндірісі 200 мың тоннаны құрайды. Басқа тауар түрлері бойынша көрсеткіштер осындай.

«Осылайша, өндірістің ағымдағы қарқынын сақтай отырып және тұтынудың дәстүрлі көлемдерін ескере отырып, елде азық - түлік тапшылығының туындауына негіз жоқ екенін хабарлаймыз», - деді Жеңіс Өсербай.

Статистика деректеріне сәйкес, республика бойынша дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың қоры 9,1 млн тонна, 7,4 млн тонна бидай (оның ішінде 6 млн тонна азық - түлік және 0,3 млн тонна жемдік), 1,1 млн тонна арпа, дәндік жүгері 144 мың тонна, қара бидай 22,9 мың тонна.

Осыны ескере отырып, азық-түлік бидайының қоры ішкі тұтыну үшін жеткілікті, деп қосты вице-министр.

Нарықты күнбағыс майымен қамтамасыз етуді қозғаған Жеңіс Өсербай 1 наурыздағы жағдай бойынша республикада қайта өңдеуге жіберілетін 649 мың тонна күнбағыс бар екенін айтты. Күнбағыс майының қоры өңірлерде 30,6 мың тоннаны құрап отыр.

«Ішкі нарық күнбағыс майымен және оны өндіру үшін шикізатпен толық қамтамасыз етілген. Көкөніс дақылдары мен картоптың қоры нарыққа ерте пісетін көкөністер келмес бұрын халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті», - деп сендірді министрдің орынбасары.

Қорытындылай келе, Жеңіс Өсербай азық-түлік қауіпсіздігі, сондай-ақ республиканың ауыл шаруашылығы құрылымдарының үздіксіз жұмыс істеуі мәселесі тұрақты бақылауда екенін, азық-түлік өнімдерінің өндірісі тоқтатылмайтынын, қорлар жүйелі негізде толықтырылып отырғанын және елде азық-түлік тапшылығының туындауына негіз жоқ екенін растады.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: