Зомби апокалипсисі: ХҚКО-ға қарай лап қойған көптің видеосы жұртты таң қалдырды

Шымкенттегі халыққа қызмет көрсету орталығына жүгірген адамдардың видеосы канетте қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бейнебаянда адамдар халыққа қызмет көрсету орталығына басып кіріп жатыр. Тіпті бірнеше жігіт қоршаудан секіріп, үлкен кезекті бұзып өтуге тырысуда.

Видео Instagram желісіндегі пабликтердің бірінде жарияланды. Оны көрген оқырмандар бейнені «Голливуд фильмдеріндегі апокалипсиске» теңеді.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Шымкенттегі арнайы ХҚО-дағы жағдайға қатысты түсініктеме берді.

Оқиға нәтижесінде клиенттер тарапынан құқық бұзушылықтар тіркелмеген. Сондай-ақ нысанда зардап шеккендер жоқ», - деді баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, мамандар қазіргі таңда Шымкент қаласындағы № 1 арнайы ХҚО-да С1 (жүк газель) санаты бойынша практикалық жүргізуші емтиханынан өтуге ниет білдірушілердің көп кезекте тұрғанын түсіндірді.

Себебі, қаладағы бар екі автодромның бірінде техникаларға жөндеу жүріп жатыр. Арнайы ХҚО өзі тұрақты режимде жұмыс істеп, автокөлікті қайта тіркеу және теориялық емтихан тапсыру қызметтеріне клиенттерді қабылдап жатыр, деп қосты корпорация.

Ақпан айының соңынан бастап автодром жұмысын жалғастырып, көлік жүргізудің барлық санаттары бойынша тұтынушыларды қабылдай бастады. Дегенмен, осы уақыт ішінде тәжірибелік емтихан тапсыруға ниет білдірген азаматтардың қатары көп.

№ 1 арнайы ХҚО-ға Шымкент қаласының тұрғындарының ғана емес (халық саны – 1 миллионға жуық адам), бүкіл Түркістан облысының (халық саны – 2 миллионнан астам адам) жүгінуі жағдайды қиындатып отыр.

Көп ағынды ескере отырып, қазіргі уақытта арнайы ХҚО-ның жұмыс кестесі ұзартылды.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: