Көлікке ағаш құласа, шығынды кім өтейді

Алматыда қолайсыз ауа-райында ағаштар құлап, астында тұрған көліктерге зақым келтіруі ғажап емес. Бір күн бұрын мегаполисте қар жауып, бірден бірнеше жерде төтенше жағдай болды, Zakon.kz мұндайда кімге жүгініп, не істеу қажеттігін анықтап көрді.

Көлікті ағаш басып қалса, келтірілген залал тек сот арқылы өтелуі мүмкін екенін ескерте кеткен жөн. Әдетте, автокөлікті сақтандыру мұндай жағдайларды қарастырмайды.

Алдымен оқиға болған жердің кімге тиесілі екенін анықтап алу қажет.

Мәселен, ортақ пайдаланылатын жерлердегі жасыл желектерді күтіп-баптау және қорғау жұмыстары аудан әкімдіктеріне жүктелген. Шағын аудандардағы, үйлердің алдындағы көшелердегі тротуар сызығына дейінгі ағаштарға тұрғындардың өздері немесе пәтер иелері кооперативі жауапты. Ал тротуардың арғы жағында өсіп тұрған ағаштарға әкімдіктер жауапты.

Ағаш даулы аумақта орналасса немесе бұл жердің кімге тиесілі екенін анықтау қиын болса, әкімдіктің абаттандыру бөліміне апаттық жағдайдағы ағашқа кімнің жауапты екенін анықтап беру туралы өтінішпен жүгіну керек.

Дегенмен, бірінші кезекте полицияға хабарласып, көліктің зақымдану фактісін анықтау керек. Оқиға болған жерді қарау актісінде полиция қызметкерлері төтенше жағдайдың себебін көрсетуі керек: қар жаууы, қатты жел, ағаштың апаттық жағдайы және т.б. Оқиға орнын және бүлінген көлікті әртүрлі ракурстен суретке түсіру қажет. Бұл фотосуреттер сот ісін жүргізуге қажет болады.

Сонымен қатар, сотқа көліктің зақымданғанын, сондай-ақ көлікті қауіпсіз және тұраққа тыйым салынбаған жерге қойғаныңызды растай алатын куәгерлерді ертіп барған жөн.

Келесі қадам – келтірілген залал мөлшерін анықтау үшін бағалаушы компанияға хабарласу.

Егер ағаш ауа райының қолайсыздығынан құлаған болса, онда метеорологтардан оқиға болған күнгі ауа райы жағдайын растайтын анықтама алу керек.

Осыдан кейін барлық жиналған айқақтарды арызбен бірге сотқа өткізе аласыз. Егер сот меншік иесінің пайдасына шешім шығарса, ол мүлікке келтірілген шығынды өндіре алады.

Қызықты Алматы
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: