КТК телеарнасы журналистерінің мәлімдеуінше, Балқаш қаласының тұрғындары Ұлытау облысын құру туралы жаңалыққа қуана қоймаған.
«Кеңес кезіндегі Жезқазған облысының аумағы қайтадан бұрынғы қалпына келтірілсе, облыс орталығы алыстап кетеді.Төрт жүз шақырым жердегі Қарағандыны алыс деп жүргенде, Жезқазған тіпті жеткізбейін деп тұр», – дейді жергілікті жұрт.
Оның үстіне, Қарағандымен арадағы автобан құрылысы аяқталып қалды. Мұны балқаштықтар ұзақ күткен еді.
Экономикалық жағдайын айтпағанда, Балқаш қаласының жасы ұлғайған қарттарының, мүмкіндігі шектеулі тұрғындарының ем алуға баруына жолдың ұзақтығы зор қиындық тудырары сөзсіз. Сондықтан да біз, балқаштықтар, Ұлытау облысына қосылуға түбегейлі қарсымыз.Балқаш қаласының тұрғыны Нұрдос Кәрім
Ал 1997 жылы аудан статусынынан айырылып, Шет ауданының құрамына кірген Ағадыр кентінің тұрғындары болса, Ағадырды қайта аудан орталығы болуға әбден лайық деп санайды. Өйткені кенттің инфрақұрылымы мықты әрі мұнда темір жолдың ірі торабы орналасқан. Осыған орай тұрғындар Ағадырға аудан статусын беру туралы петиция әзірледі.