13 маусым – Денис Теннің туған күні

Мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада ойындарының жеңімпазы Денис Тен бүгін 29 жасқа толар еді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бүгін мәнерлеп сырғанаушының достары мен әріптестері, барша жанкүйері оның фотосын бөлісіп, туған күнімен құттықтап, еске алып жатыр.

Спортшы Денис Тен 1993 жылы Алматыда дүниеге келген. Ол бала кезінен спортқа жақын болды. Мәнерлеп сырғанаудан бөлек Денис басқа спорт түрлерімен де айналысқан: таэквондо, каратэ, суда жүзу, би, кескіндеме, музыка, ән, хор. Денис Тен сонымен қатар теннис пен акробатиканы да жақсы көретін. Дегенмен оның басты таңдауы мұз бен мәнерлеп сырғанау болды.

Денис Тен – Олимпиада ойындары (2014), Әлем чемпионаттары (2013, 2015), Құрлық чемпионаты (2015), Қысқы Универсиада (2017), Қысқы Азия ойындарында бірқатар жүлделерді жеңіп алған Қазақстанның алғашқы спортшысы. Ол аз ғана ғұмырында халықаралық деңгейде өнер көрсетіп, Қазақстанның атын әлемге танытты. Сонымен қатар Денис спорттағы жетістіктерімен ғана емес, Қазақстан халқына игі істерімен, шынайы патриот болуымен, тұрақты түрде қайырымдылық шараларына қатысуымен көзге түсті.

Меніңше, патриоттық – өз еліңді сыйлау. Мен патриот екенімді сөзбен көрсетпеймін. Ол күнделікті өмірде көрінеді. Мысалы, көшеде жүргенде ешкіммен ұрсысып, жаға жыртыспаймын. Өзгелерді де, өзімді де сыйлаймын, – деген еді Денис Тен.

Еске сала кетейік, Денис Тен 2018 жылы 19 шілдеде қайтыс болды. Спортшыға көлік ұрылары Алматыдағы Құрманғазы және Байсейітова көшелерінің қиылысында шабуыл жасаған. Ол ауруханаға ауыр халде жеткізілді. Дәрігерлер қандай шара жасаса да, екі сағаттан кейін үзіліп кетті.

Cпортшы қайтыс болғаннан кейін тұрғындар сол маңға бір жыл бойы гүл әкеліп, Денистің рухына тағзым етіп жүрді. 2019 жылы аталған көшелердің қиылысына Денис Тенге арналған ескерткіш қойылды.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: