Жалпыға бірдей декларацияны тапсырмағандар қандай жазаға тартылады

Бірінші қаңтардан бастап тиісті тұлғалар кірістері мен мүлкі туралы декларация тапсыра бастады. Осы орайда Мемлекеттік кірістер комитеті декларацияны толық емес немесе кешіктіріп тапсырмағандарға қандай шара қолданылатынын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Комитет өкілдерінің айтуынша, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде егер бастапқы салық декларациясы мерзімінде табыс етілмесе, онда салық органдары бірінші рет ескертумен шектелетіні белгіленген («Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 272-бабының 1-тармағы).

Ескерту жасалғаннан кейін жеке тұлға тарапынан бір жыл ішінде қайта бұзушылық болған жағдайда, он бес АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, бұл бүгінгі күні 45 945 теңгеге тең (ӘҚБтК-нің 272-бабының 2-тармағы).Мемлекеттік кірістер комитеті

Егер декларацияда салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеуге әкеп соқпайтын толық емес, дұрыс емес мәліметтер қамтылса, онда салық органдары да бірінші рет ескертумен шектеледі (ӘҚБтК-нің 275-бабының 2-1-тармағы).

Ескертуден кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер үш АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады (ӘҚБтК-тің 275-бабының 2-2-тармағы).

Салықтарды есептеуге әкеп соғатын салық салу объектілерін жасырған жағдайда, жасырылған салық салу объектісі бойынша төленуге жататын салық сомасының екі жүз пайызы мөлшерінде (ӘҚБтК-тің 275-бабының 1- тармағы) және егер мұндай бұзушылық қайталанса, үш жүз пайыз мөлшерінде айыппұл көзделген (ӘҚБтК-тің 275-бабының 2 тармағы). Бұл шара, егер жеке тұлғалар хабарлама берген кезде салық міндеттемелерін орындамаса және салықтық тексеру жүргізілсе, қолданылады. Мемлекеттік кірістер комитеті

Ведомство өкілдері атап өткендей, бұзушылықты өз бетінше жою кезінде айыппұлдар салынбайды.

Сондай-ақ комитеттегілер мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдарға қатысты 2021 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасынан тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтауға, шоттар (салымдар) ашуға және иеленуге тыйым салынғанын еске салып өтті. Көрсетілген міндеттемелерді орындамау олардың мемлекеттік қызметті немесе өзге де тиісті қызметті тоқтатуы үшін негіз болады.

Кірістері мен мүлкі туралы декларацияны қағаз түрінде 15 шілдеден кешіктірмей, ал электрондық түрде 15 қыркүйектен кешіктірмей тапсыруға болады.

Салық есептіліктерін ұсыну және толтыру тәртібі туралы толық ақпаратты 1414 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығынан, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz сайтынан алуға болады.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: