Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Ведомство басшысының айтуынша, бүгінгі таңда әуе көлігіндегі жолаушылар ағынының күрт өсуі байқалады. Бұл өз кезегінде самолеттердің жетіспеушілігі, рейстердің кешігуіне әкеп соғып, отандастарымыздың наразылығын тудырып отыр.
Қызметіме алғаш кіріскен күннен бастап мәселені зерделеп, оны шешу мақсатында қазақстандық әуе тасымалдаушыларға жаңа ұшақтар сатып алуды тапсырған болатынмын. Жоспар бойынша жылдың соңына дейін жалпы сыйымдылығы 2,5 мың орынды құрайтын 14 жаңа әуе кемесі пайдалануға берілмек. Атап айтқанда, SCAT авиакомпаниясы 9, Fly Arystan 3 және Air Аstаnа 2 ұшақпен толықтырылады, – деп жазды министр.
Осылайша, SCAT әуекомпаниясының флоты дәл бүгін жаңа бортпен толықтырылды. 174 орындық «Boing-737 МАХ 8» заманауи ұшағында бизнес-кластағы орындар да қарастырылған. Қыркүйек айының ортасына дейін компания тағы 4 Boeing әуе кемесін сатып алады.
Сонымен бірге әуе тасымалдарына қатысты сұраныс жылдан жылға артып келе жатқандықтан, қазақстандық әуе кемелері паркі 2025 жылға дейін 51 бірлікке ұлғаятыны мәлім болды.