Ричард – баққа келушілеріміздің ең сүйікті жануарларының бірі. Зебра 2000 жылы Словакиядағы Бойнице хайуанаттар бағында туған. 2001 жылы Алматыға әкелінген. Одан тараған жеті құлын бүгінде дүниежүзіндегі басқа хайуанаттар бағында тұрады. Ал 2018 жылы Ричардқа қатерлі ісік диагнозы қойылған. Бұл туралы Алматы хайуанаттар бағы Instagram-дағы парақшасында жазды.
Ветеринарлар күрделі ота жасап, оның өмірін тағы төрт жылға ұзартуға мүмкіндік берді және осы төрт жылда Ричардтан тағы бір құлын тарады. Бірақ қатерлі ісік ауруын толық емдеу мүмкін болмады. Жақында Ричардтың жағдайы күрт нашарлады, ағзасын жайлаған қатерлі дерт оны емдеуге мүмкіндік бермеді. Біз ауруға шалдыққан жануарды қинағымыз келмеді. Сондықтан ұжым ең қиын шешімдердің бірін қабылдауға мәжбүр болды, - деп жазды Алматы зообағы ұжымы.
Хайуанаттар бағы мен аквариумдар халықаралық қауымдастығының этикалық кодексіне сәйкес, ауруы қатты асқынған, айықпас дертке шалдыққан жануарлардың өмірі медицина жолымен тоқтатылады.
Бүгін Ричардқа эвтаназия жасалды. Сүйкімді зебра бәріміздің есімізде мәңгі сақталады, - деді Алматы хайуанаттар бағы.
8 қыркүйекте Алматы хайуанаттар бағы үш апталық тауыс балапанын көрсетті.
Ал 6 қыркүйекте Алматы хайуанаттар бағының әкімшілігі бірден екі жақсы жаңалық жариялады:
28 шілдеде жұп жираф - Хан мен Сұлу сәбилі болды.
30 шілдеде Пржевальскийдің Бурабай мен Жұманқұл атты жылқыларынан Кармела тайыншасы дүниеге келді.