Бала күтіміне төленетін жәрдемақыны 1,5 жасқа дейін созу жөнінде түзетулер әзірленді

Оқу-ағарту министрлігі балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау және төлеу қағидаларына өзгерістер әзірледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Атап айтқанда, бала күтіміне байланысты тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыны бала бір жарым жасқа толғанға дейін төлеу қарастырылған.

Қазіргі уақытта бала күтімі бойынша жәрдемақы бала бір жасқа толғанға дейін төленеді.

Бала күтімі бойынша жәрдемақы бала туған күннен бастап бір жасқа толған күнге дейін, ал баланы (балаларды) асырап алған және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бір жарым жасқа дейінгі балаға қамқоршылық тағайындалған жағдайларда, баланы (балаларды) асырап алу туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап немесе қорғаншы тағайындалған күннен бастап бала бір жарым жасқа толған күнді қоса алған күнге дейін тағайындалады, - делінген құжатта.

Бала күтімі бойынша жәрдемақыны тағайындаған кезде отбасы құрамында тірі туған, асырап алынған, сондай-ақ қамқоршылыққа (қорғаншылыққа) алынған балалар, егер басқа ата-ананың отбасында ескерілмесе, өгей балалар да ескеріледі.

Бұл ретте, отбасы құрамында өздеріне қатысты ата-аналары ата-ана құқықтарынан айырылған немесе ата-ана құқықтары шектелген балалар ескерілмейді.

Егер бір жарым жасқа толмаған бала қайтыс болғаннан кейін күтім жөніндегі жәрдемақыны тағайындауға жүгінген жағдайда күтім жөніндегі жәрдемақы қайтыс болу айын қоса алғанда тағайындалады.

Қандастарға бала күтімі бойынша жәрдемақы бала туған күннен бастап, бірақ қандас мәртебесі белгіленген күннен кейін тағайындалады.

Құжат 31 қазанға дейін қоғамдық талқылау үшін Ашық НҚА сайтында жарияланған.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: