Өрттің салдарын жою аясында Әулиекөл ауданына қарасты Әулиекөл ауылындағы Бірлік шағын ауданында зардап шеккендерге 91 үй салынды. Кейбір үйлердің тұрғындары септиктер толып кеткенін айтып, шағымданды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қостанай облысы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Берік Таңжарықовтың айтуынша, "жобада септиктер орнату қарастырылмаған, сондықтан уақытша септиктер мердігерлер есебінен жасалған".
Бірнеше күн бойғы қар аралас жауын-шашын түсуі салдары мен жылы температурадан тұрғын үйлердің іргелес аумағына су жиналғаны байқалады, – деді ол.
Сонымен бірге, басқарма басшысының сөзінше, инженерлік-геологиялық зерттеулерге сәйкес, үйлердің іргетасы ылғалдан қорғалған, үйлерге су кірмейді, су басу қаупі жоқ.
Берік Таңжарықов қазір жергілікті жерде суды сору жұмыстары жүріп жатқанын, су соратын техниканың тұрақты жұмыс істеп тұрғанын атап өтті.
Сондай-ақ, ол Бірлік ықшамаудандағы тұрғын үйлерге жеке кәріз тартудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатқанын айтты.
Әулиекөлдегі жаңа үйлердің тұрғындары "Алау" газетінің редакциясына су ернеуінен асып кеткен септиктердің суреттерін жолдады. Айтуларынша, үйлер қарашаның 2-сі күні су астында қалған, жаңа үйлердің кілті тапсырылғанына небәрі 10 күн өткен.
Бұған дейін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов мемлекет басшысының шешімімен тұрғын үй құрылысына 2,3 млрд теңге бөлінгенін, оның 600 млн теңгесі инженерлік коммуникацияларды тартуға жұмсалғанын айтқан еді. Жаңа үйлерді тәжірибесі мол 12 құрылыс ұйымы салған. Қысқа уақыт ішінде 91 үй біртұтас архитектуралық үлгіде бой көтерді.