Сарапшы Әділ Құсманов: "Жастар саясаты мен жастарды әлеуметтік қолдаудың аражігін ажыратып алу керек"

Жастар саясатының жаңа тұжырымдамасын әзірлеуге атсалысқан Әділ Құсманов арнайы сұхбат беріп, Тұжырымдаманы дайындау кезінде неге басымдық берілгенін, жалпы қазақстандық жастардың әлеуметтік бейімделуіне қандай алғышарттар қажет екеніне тоқталды.

– Жастар саясатының жаңа тұжырымдамасын әзірлеуге тікелей атсалысып келесіз. Жалпы, бұл саланың қазіргі даму үрдісі қандай? 

Өркениетті перспектива мен мемлекеттік көзқарас тарапынан қоғамдық дамудың тенденциясын дөп басу ғылыми тұрғыда үнемі маңызды мәселе екендігі сөзсіз. Бұл орайда жастардың әралуандығы, креативтілігі мен шығармашылық әлеуеті ерекше назарда, оның үстіне мен де жас буынның өкілі болғандықтан, бұл тұжырымдаманың маған да тікелей қатысы бар. Аналитика саласында жұмыс істей отырып, түрлі жобаларды іске қосуға қатыстым, сондықтан менің тәжірибем осындай маңызды құжатты әзірлеуге пайдасын тигізді деген үміттемін.

– Еліміз саяси институттарды қайта жаңғыртып, толықтай модернизацияға бағыт алды. Тұжырымдама жобасын әзірлеу барысында осы жаңа үрдістер байқалып, тәсілдер өзгерді ме?

– Жаңа Тұжырымдаманың жобасын әзірлеу кезінде кешенді әдіс қолданылды. Дайындық кезеңінде бізді негізгі бағыттарды айқындау үшін азаматтық қоғам және халықаралық ұйымдардың өкілдері бас қосқан бірқатар сараптамалық пікірталастарға шақырды. Болашақта Тұжырымдама аясында мемлекеттік қана емес, тәуелсіз қоғамдық және халықаралық институттар да жұмыс істей алуы үшін жастар жағдайының объективті бейнесін көрсетуге тырыстық. Түптеп келгенде, бұл құжат көпшіліктің пікірін біріктіріп, көңілінен шықса екен дейміз.  Оның үстіне, сабақтастықты ескеріп, қазіргі тұжырымдаманы әзірлеу барысында Қазақстанның жастар саясаты саласындағы құжаттары мен стратегиялар тәжірибесін есепке алу қажет деп ойлаймын.

– Қазіргі ішкі және сыртқы сын-қатерлерді ескерсек, Тұжырымдаманың қандай бағыттарын стратегиялық маңызды деп атар едіңіз?

– Бүгінгі таңда жастар саясаты саласындағы проблемалар жастарды қолдау жобаларының бытыраңқылығы мен соларды ортақ жүйеге біріктіретін біртұтас құжаттың жоқтығынан туындап отыр деген түсінік бар. Соның салдарынан бізде мемлекеттік саясат құрылымына жастарды тарту мен өкілдік ету деңгейі төмен. Кейде осындай олқылықтар мен тиісті іс-шаралардың дер кезінде жүзеге асырылмауы жағымсыз әлеуметтік салдарға әкелуі мүмкін.

Бұл тұрғыда Тұжырымдамадағы екі жайтты атап өткім келеді. Біріншіден, "жастарға арналған саясат" деген түсініктен "жастармен саясат" деген ұғымға көшу – бұл құжаттағы басты қағида. Яғни жаңа ұрпақтың әлеуетін жүзеге асыруға жол ашып, бәсекеге қабілеттілігін ұлғайту үшін жаңа мүмкіндіктер ұсыну және дамуға жағдай жасаудың эволюциясын меңзеп тұрмыз. Шешім қабылдау процесіне жастардың көбірек қатысуы. Екіншіден, қазіргі жаһандық тұрақсыздық уақытында жастардың әлеуметтік бейімделуіне жан-жақты жағдай жасау аса маңызды.

– Бұл орайда нені ескеру қажет?

– Алдымен жастар саясаты мен жас азаматтарды әлеуметтік қолдаудың аражігін ажыратып алу керек. Жастар саясаты тек әлеуметтік көмек құралы емес, жастардың өзін-өзі танып, қоғамнан орнын табуға мүмкіндік беретін нақты алаңға айналуы тиіс. Жастар саясатына мемлекет қана емес, азаматтық институттар да жауапты. Нақты әлеуметтік нәтижеге қол жеткізу үшін олар өзара тығыз байланыста болуы шарт. Жалпы, Тұжырымдама мемлекет пен қоғамның ынтымақтастығын нығайтып, жұмыс сапасын жақсартуға ықпал етуі керек деп ойлаймын.

– Сарапшы ретінде қазақстандық жастардың әлеуметтік бейімделуіне қажетті  қандай алғышарттарды атар едіңіз?

– Қандай да бір нақты әлеуметтік тәжірибені, сценарийді немесе «лифтті» атау қиын. Тұлға дамуының объективті және субъективті факторлары осы жерде тоғысады. Дегенмен, ең бастысы, адам үнемі талпыныста болуы тиіс, тіпті алғашқы уақытта сәтсіздіктерге ұшырасаң да, үміт үзбеу керек. Он әрекеттің ішінде біреуі сәтті жүзеге асуы мүмкін. Тіпті он рет жолың болмаса да, әрқашан алға ұмтыла беру маңызды. Темірдей тәртіп пен айқын мақсатты ұстанып, жүйелі түрде әрекет ету қажет. Жалпы, мемлекет, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдар тарапынан ұсынылатын барлық мүмкіндіктерді пайдаға жаратқан жөн.


Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: