Эко-белсенді Павел Александров Facebook-тегі парақшасында қала экологиялық апатқа ұшырап жатқанын атап өтті.
"Міне, бүгінгі Алматының кішкене бөлігі. Кішкентай ғана, өйткені қаланың қалған бөлігі түтіннен, тіпті көрінбейді де. Мына масқараны сипаттайтын лайықты сөздер тіліме оралар емес. Жаман сөздерім де бітіп қалды", делінген хабарламада.
Сонымен қатар, тұрғындар әлеуметтік желіде осы жағдайды сипаттайтын видеомен жаппай бөлісіп жатыр.
Оған пікір қалдырушылардың басым бөлігі: "қаланы айнала басқан қара түтін алыстан қарағанда мұхитқа қатты ұқсайды" деп жазады.
Айта кетсек, "Қазгидромет" РМК-ның 26 желтоқсандағы болжамында: "метеорологиялық жағдайлар қала атмосферасында ластаушы заттардың жинақталуына ықпал етеді" делінген.
"Жалпы, қала бойынша ауаның ластану деңгейінің артуы күтіледі". "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметі
Сондай-ақ Airkaz.org сайтында қаладағы ауаның ластану деңгейі көрсеткіші жарияланған.
Сурет: airkaz.org
Сайттың мәліметтері бойынша, РМ2.5 массалық концентрациясы ауа сапасын және оның адам денсаулығына қауіптілігін бағалауда негізгі параметрі болып табылады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) нормалары бойынша РМ2.5 орташа жылдық деңгейі 10 мкг/м3, ал орташа тәуліктік деңгейі 25 мкг/м3 аспауы тиіс.