Елімізде күн райы бұзылғанда жабық жолға шыққан жүргізушілер қамауға алынуы мүмкін

Жол жабылғаны туралы ескертуді елемей, ауа райының қолайсыз кезінде жолға шыққан жүргізушілер 15 тәулікке дейін қамалуы мүмкін, деп хабарлайды Zakon.kz.

Kolesa.kz порталының жазуынша, бұған дейін адамдар жабық тас жолға шығып кетсе, қар басқан аумақтарға жолды жауып тастаған полицейлер жауапқа тартылатын. Ескертуге құлақ аспаған жүргізушілердің "өзім білемдігі" қауіпті іздеу-құтқару операцияларына, көлікті қар үйіндісінен сүйреп шығарып, адамдарды жылы жерге орналастыруға әкеп соғып жататын. Соған қарамастан көлік жүргізушілері ескертуге құлақ аспай келді.

Үкіметтің қазандағы "Жолдарда көлік құралдарының жүрісін тоқтату немесе уақытша шектеу қағидалары" қаулысына сәйкес, тәртіп бұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Тас жолға шығатын жолды жауып тұрған полиция қызметкерлеріне бағынбағаны үшін азаматтар алғаш рет 30 АЕК немесе 2022 жылы 91 890 теңге айыппұл төлейді немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынады. Бұл жағдай бір жыл ішінде тағы қайталанса, 15 күннен 20 тәулікке дейін қамауға алынады. Қамауға алынбайтындарға (мысалы, мүгедектерге) 50 АЕК, яғни 152 150 теңге көлемінде айыппұл салынады.

"Қатаң шаралар жүргізушілерді ойландырады деп сенгім келеді, өйткені соңы қайғылы жағдайға әкеп соқтырған жайттар болды", – дейді мақала авторы.




Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: