Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 12 адамнан тұратын бір үйлі жан 31 желтоқсан күні қойшы ауылдағы үйіне демалуға барған. Екі күн бойы соққан қатты бораннан жолдар жабылып, олар кері қайта алмай, сол ауылда қалып қойған.
3 қаңтар күні отбасы мүшелері үйге оралмағандықтан, туысы құтқарушыларға хабар берген.
Ведомство өкілдері таратқан ақпаратқа сүйенсек, іздестіру жұмыстарына Түркістан облысы ТЖД құтқарушылары мен өтімділігі жоғары техника, ТЖМ тікұшағы жұмылдырылды.
"Құтқарушылар мүгедек әже мен екі қызды Түркістан қаласына эвакуациялады. Әжеге медициналық көмек қажет болған жағдайда, бұл жерге медицина қызметкерлерінің жетуі қиын болатын еді. Қалған 9 отбасы мүшесі ауылдағы үйде қалды. Олар эвакуациядан бас тартып, жол ашылған соң үйлеріне оралатынын айтты".Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі
Төтенше жағдайлар департаменті дауыл жөніндегі ескертулерге құлақ асуға кеңес берді.
"Тауға шықпас бұрын сол аймақтың ауа райымен міндетті түрде танысыңыз. Жақындарыңызға жоспарланған тау бағыты мен қалаға қайту уақыты туралы хабарлаңыз. Бейтаныс жолмен жолды қысқартпаңыз. Сонымен қатар сізде зарядталған телефон мен паурбанк болуы керек. Төтенше жағдайлар туындаған кезде 112 нөміріне қоңырау шалыңыз".Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі