Ережеп айы: Шымкентте үш жыл бойы дәмхананы паналаған көпбалалы ана баспаналы болды

Жалғызбасты әйел балаларымен бірге өзі жұмыс істейтін дәмхананы паналап келген. Ол дәмхананың кез келген жұмысын істеп, иесінің көңілін табуға тырысқан. Ал оның жұбайы өмірден озған. Осындай қиыншылықты басынан кешіріп жатқан отбасыға "Дәулеттен" қоры көмекке келді, деп хабарлайды Zakon.kz

"Оңай емес, әрине. Дәмханаға неше түрлі адамдар келеді. Қорқасың, біреуі болмаса, біреуі балаларымды ренжітіп қояды ма деп. Қанша жұмыс істесем де жалғыз қиын екен, ештеңеге жетпейді. Балаларым суық жерде тұрып, ауырып қалмаса деп қатты қорқатынмын",— деп келтіреді Otyrar.kz Мәрияның сөзін.

Отағасы қайғылы жағдайда опат болған. Осылайша жалғызбасты ана көп баласымен бірге тағдырдың тәлкегіне түскен. Бірақ олар жақсылықтан күрдер үзбеді. Ол күн де туды. Үлкен отбасының басындағы жағдайдан қаныққан қайырымдылық қоры көмек қолын созды. Оларға Шұбарсу тұрғын үй алабынан шағын үй сатып алынды. Қазір көпбалалы отбасы жылы әрі жайлы жерде өмір сүріп жатыр. Мәрия қиын сәтте өзіне көмек қолын созған адамдарға алғыс білдіреді. 

"Ақыры біздің де үйіміз бар. "Дәулеттен" қорына және біздің жағдайымызға бей-жай қарамай, көмектескен адамдарға көп рақмет. Өте қуаныштымын, тіпті әлі сене алмай жүрмін. Қуанышымды суреттеуге сөзім жетпей жатыр. Үй қатты ұнады, бәріне тағы да рақмет". Көпбалалы ана Мәрия Мұхтасарова


Көпшілік қауым бұл отбасы үшін 21 миллион теңге жинаған. Жаңа үйге 20 миллион теңге кеткен. Ал қалған сомаға жиһаз және қажетті басқа заттар сатып алынды.

"Бізге келіп түскен барлық хатты жинақтап, талдаймыз, одан кейін мұқтаж жандардың тізімін жасаймыз. Содан кейін біз оларды кезекке қоямыз, өйткені мұндай адамдар өте көп. Содан кейін біз бәрін тексереміз. Өйткені көмек сұрайтындардың арасында жағдайы барлар да болады. Қордың жұмысы аясында айына бір рет біз бір отбасын бақытты етеміз және үй сатып алып береміз".Қайырымдылық қорының қамқоршылық кеңесінің өкілі Дәулет Төлеутайұлы


Қайырымдылық қоры көпбалалы және аз қамтылғандарға көмектесуді жалғастыруды жоспарлап отыр. Олар басқалар да бізден үлгі алса деп тілек білдіреді. Бақытты отбасылардың санын арттыру үшін, әрине. 

Оқи отырыңыз: Шымкенттіктер қақаған қыста далада қалған көпбалалы анаға 22 млн теңге жинап берді

Шымкент
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: