Бірақ, кейде ата-аналар қатты алаңдаушылыққа беріліп, балаға қысым жасап жібереді. Ол ешқандай оң нәтиже бермейді.
Психолог Вахтанг Джапаридзенің айтуынша, көптеген балалар мектеп бітіретін кезеңде қиын жағдайды бастан өткізеді, онсыз да алаңдап жүрген жасөспірімдерге ата-ананың қысымы қосымша ауыртпалық түсіреді. Олар емтихан немесе тесттен өтпесе, өмір сонымен бітетіндей ұйғарымға сене бастайды. Психологтың айтуынша, мұндай күйзеліс жағдайында ойлану және мәселені шешу қабілеті нашарлайды.
Сурет: АПН
Керісінше, жетістікке жету үшін оқушы есте сақтау, ойлау, қиялдау, талдау және саралау қабілеттері барынша тиімді жұмыс істейтін күйде болуы қажет. Ол үшін ата-аналарға не істеу керек? Джапаридзе бірнеше қарапайым кеңес берді:
- Балалармен жиі сөйлесіп, олардың оқудағы, спорттағы, өнердегі немесе күнделікті өмірдегі жетістіктерін еске түсіріңіз: «Сен мықтысың! Мынаны қалай жасағаның есіңде ме?». Бұл түлектерге қолдарынан іс келетінін түсінуге көмектеседі. Қабілеттілігіне, өзіне деген сенімі нығаяды.
- Ақыл айту мен қысым жасаудың орнына, баланың жетістікке жететініне сеніп, қолдау көрсетіңіз. Мүмкін шабыттан, нақыл сөзден немесе қандай да бір сыйақыдан қосымша мотивация алатын шығар, соны анықтаңыз.
- Кез келген жетістіктің тәртіп, қажырлы еңбек пен мұқият дайындықпен келетінін есіне түсіріп тұрыңыз.
Маманның пікірінше, сол кезде ғана мектеп оқушысы өзін еркін ұстайды әрі жинақы болады. Бұл өмірдің күрделі және маңызды кезеңін еңсеруге септігін тигізеді.
Сурет: АПН
Әріптесінің кеңестерін Алматыдағы Воскресенский соборының психологы Виктория Левина толықтырып өтті:
- Алаңдаушылықты басу үшін ата-аналар, ең бірінші, ҰБТ-ны өткізу тәртібі мен нормаларымен мұқият танысуы керек. Ережелер, құқықтар мен міндеттер туралы хабардар болсаңыз, үрейіңіз сейіліп, барлығы түсінікті болады.
- Барлық алаңдататын мәселелерді қағазға жазып алыңыз. Оның қайсысына ықпал ете алатыныңызды анықтаңыз. Мысалы, егер бала қандай да бір пәнді дұрыс білмесе, тәрбиеші жалдаңыз.
- Қолдау көрсету, сабырлық және сенімділік сақтау өте маңызды. Мәселен, бала жақсы оқыса, онда ҰБТ-ны да жақсы тапсыруы тиіс. Тек оған да, өзіңізге де сенімді екеніңізді көрсетіп тұрыңыз.
- Баланы тестілеумен қорқытпаңыз – әйтпесе шынымен де ҰБТ алдында қорқыныш сезімі пайда болуы мүмкін. Керісінше, тестілеуде қорқатын ештеңе жоқ екенін, бастысы – оған жүйелі түрде дайындалу қажеттілігін айтыңыз.
Левинаның сөзіне қарағанда, отбасындағы ҰБТ алдындағы дүрбелең, тіпті, белсенді дайындалып жүрген баланың ойлау және есте сақтау қабілетін нашарлатуы мүмкін. Тыныс алу жаттығулары, таза ауада серуендеу және дұрыс ұйықтау түлектің ҰБТ-ға жақсы дайындалуына оң әсерін тигізеді.
Сурет: АПН
Білім саласындағы белгілі сарапшы Майраш Тайкенованың пікірінше, тағы бір мәселе ата-аналардың белгілі бір мамандықтың беделіне қатысты ескірген сенімде болуы. Айтуынша, еңбек нарығы тез өзгеруде, жаңа мамандықтар пайда болып, дағдылар бірінші орынға шыға бастады. Бұл әсіресе, коронавирус пандемиясынан кейін қатты байқалды.
«Шартты түрде алсақ, бала маникюрден жақсы ақша таба алады, бірақ ата-ана мұны "маңызды жұмыс" санамайды, колледж деңгейіндегі мамандық деп ойлайды. Олар түлектің геофизикаға оқуға баруын армандайды, бірақ бұл тиімсіз және баланың өзін қызықтырмауы мүмкін", – деп түсіндірді Тайкенова.
Сондықтан мамандық таңдау құқығын баланың өзіне беру керек, сонымен бірге, одан әрі дамыту мен оқуға ынталандыру қажет. Ал болашақ мамандықты таңдауда стереотиптерге емес, сұраныс пен мансаптық перспективалар бойынша зерттеу нәтижелеріне назар аударған жөн.
Қорыта келе, маман ата-аналарды балаларына, ал балаларды өз күшіне, өз біліміне сенуге шақырды!