КТК телеарнасының хабарлауынша, ал күдікті сәбидің өліміне қатысы жоқ екенін, тергеушілерге берген жауабында баланы өзінің үш жасар қызы буындырғанын айтқан. Ал ұлынан айырылған ата-ана бұған сенбейді. Олар қазір бостандықта жүрген әйелдің дереу қамалғанын талап етіп отыр.
Оқиға Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылында болған. Сәбидің ата-анасы 23 наурызда дәл осы үйге екі бірдей баласын күтушіге тастап кеткен. Алайда екі күннен кейін бұл баспанадан балаларының тек біреуі ғана тірі шықты.
"Есігінің алдында, табалдырықта бала ес-түссіз жатыр. Ешқандай қозғалыс жоқ. Саусақтың іздері бар, тұншұқтырған. Сол әйелдің өзі істеді деп күдіктенемін. Өйткені үш жасар қызы өлтіретіндей емес". Анасы Алтынай Көшерова
Уақытша күтуші болған әйел туысының көршісі екен. Арасында ақысына балаларын қарап жүріпті. 30 жастағы әйел сәбиді өлтірді деген күдікпен сол күні-ақ ұсталған. Бірақ құзырлы органдар оны 10 күннен кейін босатқан көрінеді.
"Сұрасақ, күдікті ретінде толық мәлімет аз дейді. Бұған қандай мәлімет керек? Менің балам өлді. Адам ары қарай тайраңдап өмір сүре беру керек пе?" Әкесі Қаржаубай Киымбаев
Әуеліде іс 141-баптың екінші бөлігі, яғни абайсызда жас баланың өліміне әкеп соғу бойынша қозғалған. Бірақ тергеп-тексерудің нәтижесінен кейін келесі күні бірден жас баланы өлтіру бабына ауыстырылған. Прокурорлар күдіктінің қадағалауда екенін айтады.
"Талғар ауданы сотында Талғар ауданы полиция басқармасының өтініш хаты бұлтартпау шарасын екі ай мерзімде ұстау бойынша қаралып жатыр. Біз бүгін оны жолдаған болатынбыз. Дәл қазір ұсталған күдіктінің бұлтартпау шарасына сәйкес сотқа барады, сотта ары қарай екі айға ұзартылады немесе басқа да шешім шығуы мүмкін". Талғар ауданы прокуратурасының аға прокуроры Рашид Чотбаев
Ал күтуші болған 30 жастағы әйелдің жақындары аң-таң болып отыр. Олардың сөзінше, әйелдің баланы өлтіруіне еш себеп те, негіз де жоқ.
"Баланы баққаннан кейін өлтіремін деп бақпайсыз ғой. 510 теңге болсын деп баққан. Өзінің үш баласы бар, өзі төртіншісіне аяғы ауыр. Тиын-тебен болсын, ана жақтағылар да жұмыс жасайық деп, екі баласын әкеп беріп отыр ғой. Кішкентай баланы буындырып қойды деп айтқаны болмаса, болды. Басқа ештеңе айтылған жоқ". Күтушінің туысы Нұрмира Кененбаева