Астаналықтар электр энергиясын тұтынғаны үшін артық қаржы төлеуге мәжбүр болған

Әлеуметтік желілерде елорда тұрғындарынан электр энергиясы үшін артық төлем алынғаны жөніндегі жарияланымдар жиілеп кетті. Осыған орай елордалық прокуратура тексеру жүргізіп, тұтынушыларға электр энергиясына негізсіз төлеген артық қаражатты қайтара бастады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл мәселе қала прокуратурасында уәкілетті органдардың, әкімдіктің және қызмет көрсетушілердің ("Астана-АЭК" АҚ және "Астанаэнергосбыт" ЖШС) қатысуымен талқыланды.

"Энергиямен жабдықтаушы ұйымнан деректерді қабылдап-жинақтаудың тиісінше ұйымдастырылмауына байланысты тұтынылған электр энергиясының көлемі дұрыс есептелмегені анықталды. Көптеген астаналыққа орташа тәуліктік көлемді есептеген", – деп мәлімдеді Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Осылайша есептеу құралдарының көрсеткіштеріне сәйкес абонент нақты қабылдаған энергия мөлшері үшін энергия төлемін жүргізу туралы Азаматтық кодекстің 488-бабының талаптары бұзылған.

Салдарынан қала тұрғындарына қомақты қаржы көрсетілген шот келе бастаған.

"Мән-жайды анықтау үшін қала тұрғындары "Астана-АЭК" АҚ мен "Астанаэнергосбыт" ЖШС-нің "табалдырықтарын тоздыруға" мәжбүр болған. Шектелмеген адамдар тобы құқығының бұзылуын ескере отырып, қала прокуратурасы Бас прокуратура арқылы Табиғи монополияларды реттеу комитетіне қадағалау актісін енгізді", – делінген хабарламада.

Уәкілетті орган электр энергиясы үшін негізсіз есептеуге жол берген субъектілерге тексеру жүргізу туралы мәселені қарауы қажет. Бұзушылықтар анықталған жағдайда Заңда көзделген ден қою шараларын қабылдайды.

"Қазіргі уақытта "Астана-АЭК" АҚ ондаған мың абонентке электр энергиясының көлемін қайта бөлді. Есептеулерді түзету жұмыстары жалғасуда және ол прокуратураның бақылауында".Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Электр энергиясы үшін артық төлемдер бөлігініп, тұтынушылардың құқығы бұзылған жағдайда азаматтар мен ұйымдар Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі қалалық департаментке өздігінен жүгіне алады.



Қазақстан ҚР Бас прокуратурасы
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: