Осы орайда Орталық Азия офтальмологтар қауымдастығы лазерлік хирургия секторының төрағасы, «Lucy көз институты» ғылыми орталығының дәрігер-офтальмологы Арсений Варшавский балалардың көзіне қалай күтім жасау керектігі, сондай-ақ смартфондардың көзге келтіретін нақты зияны туралы айтып берді.
Айта кетейік, Арсений Варшавский – ТМД-дағы торлы қабықтың орталық аймағының патологиясын емдеумен айналысатын санаулы дәрігерлердің бірі.
Балаларда көз торының ажырауы неден болады?
Біз торлы қабығы ажыраған балаларға лазермен жиі ота жасаймыз. Егер қабықтың ажырағаны дер кезінде байқалса, мұндай операциялар әрқашан сәтті өтеді. Торлы қабық не үшін маңызды? Бұл біздің көзіміздің матрицасы және ол жарық сәулелерінің ми сигналдарына ауысуына жауап береді, соның арқасында біз айналамыздағы әлемді көреміз.
Біз торлы қабықтың тек орталық аймағымен көреміз. Белгілі бір себептермен осы тор қабығының шеттері жұқарып, ажырауы мүмкін. Ол білінбейді, себебі, торлы қабық ауырмайды. Бұл аймақтар адамның көру қабілетіне қатыспайды. Мысалы, адам әдеттегідей алаңсыз жүре береді, кейін күрт еңкейіп, ауыр нәрсені көтергенде көздің шетіндегі жұқарған аймағында торлы қабық ажырайды.
Мұндай жағдай көптеген себептерге байланысты балаларда да болуы мүмкін. Мысалы, мен бала кезімде жекпе-жек түрімен айналысқанымда, торлы қабық ажыраған. Ең бастысы – патологияны дер кезінде байқап, емдеуді бастау.
Көздің қатерлі аурулары тек ересектерде, әсіресе, егде жастағы адамдарда болады деген қате түсінік бар. Мәселен, туа біткен, жасөспірімдік, пигменттік глаукомалар бар, олар әдетте 20-30 жас аралығында байқалады.
Сондықтан, балаларды үнемі офтальмологқа көрсетіп, көздің ішкі қабығын тексеріп тұру өте маңызды. Дәрігер көрсеткен әріптерді оқып қана қоймай, көздің ішінде не болып жатқанын тексеру қажет. Көптеген аурулар ұзақ уақыт бойы сезілмеуі мүмкін, ал байқалған кезде кеш болып жатады.
Ата-аналар жиі сенетін «аңыздар»
Ата-аналар көбінесе 10 жасында баланың көру қабілеті «минус екі», ал 16 жасында «минус бес» болса, бірден ота жасау керек деп алаңдайды. Алайда, ауыр патологияларды қоспағанда, сығырлық (алыстан нашар көру) көздің өсуі аясында дамитынын түсіну керек. Оған қоса, сығырлақ генетикалық түрде қалыптасады, қоршаған ортаның сыртқы факторлары бұған әсер етпейді. Көру қабілетінің нашарлығы көздің қалай өсетініне байланысты, бұл – генетика.
Сондай-ақ көптеген адамдар көзге арналған гимнастика сығырлықты емдей алады деп санайды. Бұл қате. Гимнастика көзбұршақтың қозғалысына, оны басқаратын бұлшықеттерге әсер етеді. Бұл – сығырлықты емдеу емес, шамадан тыс жүктемені жеңілдету. Маманмен кешенді емдеу арқылы ғана сығырлықты жеңуге болады.
Дегенмен, бүгінде қаражидектен жасалған препараттар, кейбір тибеттік гимнастика көз ауруларының алдын алуға көмектеседі деп мәлімдейтіндер өте көп. Мен ғылыми тәсілдің жақтаушысымын. Диеталық қоспаларды немесе гимнастиканы қолдану арқылы аурудың алдын алуға болатыны туралы дәлелді негіз жоқ. Олардың мүлде тиімді әсері жоқ.
Гаджеттер қаншалықты зиян?
Гаджеттердің өзі көзге айқын зиян келтірмейді. Мәселен, сығырлық генетикалық құбылыс екенін айттым. Егер адамда көру қабілеті «минус 6» болса, гаджеттерге тәуелді болуы-болмауы оған әсер етпейді. Кей адамдар баланың планшетте немесе смартфонда күніне 40 минуттан артық уақыт өткізбеуін ұсынады, бұл мені таңғалдырады. Қазір сандық технологиялар заманы және байланыс пен әлеуметтенудің басым бөлігі мессенджерлер арқылы іске асады. Бұл – жақсы да, жаман да емес, бұл – факт. Мәселен, теледидар көру кішкентай балалардың түс ажырату қабілетін ынталандырады. Баланың гаджеттермен байланысын шектеу мүмкін емес деуге болады. Себебі, қазір тіпті, оқыту онлайн режимде жүргізіледі.
Әрине, гаджеттердің оң және теріс әсері де бар. Егер бала күн бойы экранға телміріп отырса, көзбұршақ шамадан тыс жұмыс істейді. Сонымен қатар, неврологиялық әсерлер пайда болады: бас ауруы, сколиоз, бұлшықет гипертонусы. Міндетті түрде көзді демалдыру қажет: телефонда отырған соң, біраз кідіріп, жарты сағаттан кейін жаттығу жасау. Ал ата-аналар өкінішке орай, кінәнің барлғын гаджеттерге артып қойып, кешенді түрде көздің күтімімен айналыспайды.
Дәрігерге қаншалықты жиі қаралу керек?
Алғашқы тексеру перзентханада, содан кейін 1 жаста жүргізілуі керек. Патологиялар болмаған жағдайда келесі бейіндік тексеру 3 жаста жүргізіледі. Содан кейін жылына бір рет. Патологиясы болған жағдайда, кем дегенде жарты жылда бір рет дәрігерге қаралу қажет.
Қайталаймын! Өмірдің бастапқы кезеңдерінде, көздің қалыптасуы мен жұмысының бұзылуын түзетуге болатын кезде сауатты тексерулер жүргізу маңызды. Әсіресе, «жалқау көз» синдромының дамуын болдырмау үшін баланы 10 жасқа дейін тексеруден өткізген абзал.